Астық шірігелі жатыр: Үкімет фермерлерге неге жедел көмек көрсетпей отыр?

 Астық шірігелі жатыр: Үкімет фермерлерге неге жедел көмек көрсетпей отыр?
Фото: depositphotos.com

Депутат Аян Зейнулин әлемдік нарықта астық бағасының айтарлықтай төмендегенін атап өтіп, үкіметті фермерлерге жедел көмек көрсетуге шақырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Зейнуллин  Мәжіліс отырысында Премьер-министр Бектеновке депутаттық сауал жолдап, аталған жағдайды жіті назарға алуды сұрады. 

"Кейбір аймақтардағы экономикалық тұрақсыздық, экспортқа сұраныстың төмендеуі және сауда саясатының өзгеруі де бағаға әсер етіп жатыр. Осындай жағдайда жоғары бәсекелестік пен артық қордың салдарынан бидай салыстырмалы түрде төмен бағамен сатылып жатыр. Осыған байланысты, 155 мың тонна астықты нарықтық бағамен сатып алу үшін 10 млрд теңге бөлуді жеделдетіп, 1 миллион тонна бидай сатып алуға арналған 75 млрд теңгені уақыт созбай бөлуді сұраймыз", - деді депутат.

Зейнуллин 18 қарашадан бастап "Продкорпорация" АҚ-ның өңірлік өкілдіктері арқылы ауыл шаруашылығы өндірушілерінен өтінім қабылдауды бастағанын еске салды. Астық, ең алдымен, шағын шаруа қожалықтарынан сатып алынатынын атап өтті.

Нарықта қолайлы бағаларды ұстап тұру мақсатында Үкімет резервінен "Продкорпорация" арқылы қазақстандық фермерлерден астық сатып алуға 10 млрд теңге бөлінетінін жазған болатынбыз. 15 қарашада Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешенін қаржыландырудың қолжетімділігін қамтамасыз ету, фермерлерден астық сатып алу және ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді шешуді жеделдетуді тапсырған болатын. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Бақдаулет