- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астма, аллергия: Алматы...
Астма, аллергия: Алматы облысында тұрғындар қоқыс полигонын жабуды талап етті
Алматы облысы, Қарасай ауданының 6 бірдей ауылы қоқыс полигонынан шыққан жағымсыз иіске наразы. Халық бұл орынның жабылуын талап етіп отыр. Бірақ, полигон басшылығы санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп жатқандарын алға тартады. Мәселенің жай-жапсарын Massaget.kz тілшісі тыңдап қайтты.
© Суретте: Қарасай ауданындағы қоқыс полигонының кіре берісі / Нұрбол Ынтымақұлы
© Суретте: Полигонға кіруге кезек күтіп тұрған қоқыс көліктері / Нұрбол Ынтымақұлы
Полигонның кесірінен балаларымыз аллергия, астма болып жүр
© Суретте: Әйтей ауылының тұрғыны Есболов Серік / Нұрбол Ынтымақұлы
1989 жылы пайдалануға берілген бұл полигон бір күнде 1500 тонна қоқыс қабылдайды екен. Соған қарамастан сасық иіс мәселесі бұған дейін туындамапты. Тұрғындардың сөзінше, бәрі терімшілерден басталған.
"Осы жерде жиналған тұрғындардың басты бас ауруы қоқыс орнынан шығатын күлімсі иіс. 2023 жылға дейін мұндай мәселе болмаған. Өйткені қоқыс төгіле сала беті топырақпен жабылатын. Ал қазір, терімшілер пайда болып, қоқыс беті солар жұмысын бітірмей жабылмайды. Нәтижесі осы - күн ыстықта шіріген қалдықтың қоламсы исі, жел тұрса жанындағы ауылдарға тарап жатыр", - дейді Әйтей ауылының тұрғыны Есболов Серік.
© Суретте: Үштерек ауылының тұрғыны Нұғманова Айжан / Нұрбол Ынтымақұлы
Жиылған жұртты жағымсыз иістен бөлек ішіп жүрген су мен жер сапасы уайымдатады. Олардың сөзінше ауыл балалары жиі тері және өкпе ауруларына шалдығады екен.
"Осы полигонның кесірінен балаларымыз аллергия, астма болып жүр. Бұл иіс таңертең және кешке мүлде өрши түседі. Полигон 1989 жылы ашылған. Ол кезде Аянат, Дружба, Арай деген ауылдар болмаған. Қазір халық саны артқан. Полигон маңайындағы 6 ауыл да зардап шегіп жатыр. Әкім болса, ортақ чатта "жанында қоқыс полигонын барын біліп, неге көшіп келдіңіздер" деп өзімізге шапты. Біз полигонды жабуды талап етеміз", - дейді Үштерек ауылының тұрғыны Нұғманова Айжан.
© Суретте: Тамақ қалдықтарына үймелеген құстар / Нұрбол Ынтымақұлы
© Суретте: Полигонның әуеден көрінісі / Мәди Шыңғыс
Бұл жер полигон болған соң бәрібір иіс шығады
© Суретте: компания басшысы Нұрланбек Иманбеков / Нұрбол Ынтымақұлы
Мәселеге қатысты компания басшысы пікір білдірді. Ол санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп жатқындарын, бірақ Алматының 80 пайыз қоқысы осында келгендіктен, тамақ қалдықтарының көптігінен жағымсыз иіс шығатынын жеткізді. Компания басшысы алдағы уақытта полигон ішінде сұрыптау зауытын салуға сметалық құжат дайындап, мәселені шешуге әрекет етіп жатыр екен.
"Бұл жер полигон болған соң бәрібір иіс шығады. Десе де, санитарлық мекемелермен келісімге отырғанбыз. Тоқсан сайын су, ауа, топырақ сынамасы алынады. Бізде 12 карта бар. Сол бойынша жұмыс істейміз. Күніне мұнда 300-ге жуық көлік келіп, 1500 тонна қоқыс төгіп кетеді. Егер біз бұны жапсақ қала қоқысы қайда жіберілмек? Терімшілерге келсек, оған қатысты да компаниялармен келісім бар. Кей қалдықтар, мысалы көлік дөңгелектері көмуге мүлде келмейді. Дөңгелектерді полигоннан алып кетпейінше ол көмілмейді. Алдағы уақытта қоқыс бетін жапсақ иіс кетеді деп ойлаймыз. Бұл бір айға жуық уақыт алады. 15 арнайы техника осы жұмыспен айналысып жатыр. Одан бөлек қоқыс өңдейтін зауыт салу жоспарда бар. Зауыттың сметалық жоспарлау жұмысы жыл аяғына дейін дайын болуы керек", - деді компания басшысы Нұрланбек Иманбеков.
© Суретте: Әйтей ауылының әкім орынбасары Әкімжан Жүнісов / Нұрбол Ынтымақұлы
Сасық иістен сабыры қашқан халықты тыңдауға Әйтей ауылының әкім орынбасары Әкімжан Жүнісов те келді. Ол әкімнің "неге келдіңдер" деп тұрғындарды сөккенін білмейді екен. Бірақ ауыл тұрғындары шағым жазбағанын, жазылса әрекет ететіндіктерін айтты.
"Халық тарапынан ешқандай талап-арыз түскен жоқ. Біз бәріне түсіндіріп айттық, ұжымдық шағым түсіріп, заң шеңбері аясында бәрін тексерейік дедік. Бұған дейін де полигон айналасында туған дауларға қатысты жүйелі жұмыс істелген. ЖШС директорымен де жолықтық, бұл кісілерде заңсыз ештеңе болып жатқан жоқ. Десе де тұрғындар шағымданып жатса, қайта тексеріс өткіземіз", - деді Әкімжан Жүнісов.
© Суретте: Қарасай ауданындағы қоқыс полигоны / Нұрбол Ынтымақұлы
Әрине, дау полигон мен ауыл арасында болғанымен, мәселенің түп негізі алматылықтардың сұрыптамай қоқыс тастауынан басталып тұр. Компания өкілдері егер қалада инфраструктура мен қоқыс мәдениеті болғанда, сырттағы халық зардап шекпес еді дейді. Еріншек қалалықтардың әдеті, ауыл тұрғындарының соры болған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Н. Ынтымақұлы