- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астананың орталығында автобус...
Астананың орталығында автобус пен кроссовер апатқа ұшырай жаздады
Астанада жоғары жылдамдықпен келе жатқан жолаушылар автобусы кроссовермен соқтығыса жаздады. Жолдағы қауіпті сәт видеорегистраторға түсіп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Видеорегистратордағы жазбаны редакцияға кроссовердің жүргізушісі жіберген. Әйелдің айтуынша, автобус аса қатты жылдамдықпен оның көлігіне соғылып кете жаздаған.
"Мен Абай даңғылының бойымен келе жатқанмын. Ауладан шығып бара жатқан ақ түсті көлік жүргізушісі жан-жағына қарамай қозғала бастады. Ол кезде өз жолағында келе жатқан автобус апатқа ұшырамас үшін кенеттен бұрылып, менің көлігімді соғып кете жаздады. Сол кездегі сезімімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Мен мұның қалай болғанын бірнеше секундта көрдім және орны толмас нәрсе болады деп ойладым", - деді ол.
Қуанышқа орай, автобус жүргізушісі соңғы сәтте рөлді бұрып, жол апатының алдын алды.
Астана полиция департаменті бұл оқиға бойынша кінәлілерді анықтап үлгерген. Олар жазаланған.
"JAC автокөлігінің жүргізушісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 606-бабының 1-бөлігі "Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. "МАЗ" маршруттық автобусының жүргізушісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 599-бабының 1-бөлігі "Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту" бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жүргізушілермен профилактикалық әңгіме жүргізілді", - деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан