2025 жылдың қаңтарынан бастап елорданың мектепке дейінгі ұйымдары ваучерлік қаржыландыруға көшеді. Бұл туралы Астана қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев елордалық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта ваучерлік қаржыландыру жобасы Тараз, Шымкент және Түркістан қалаларында бар.
Елорданың білім басқармасының басшысы ваучерлік қаржыландыру жүйесінің негізгі артықшылықтарын атап өтті:
1. Ата-аналар үшін таңдау еркіндігі. Ваучер алған ата-ана тізімнен кез келген мектепке дейінгі мекемені таңдай алады, бұл балабақшаларға көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға және жаңа клиенттерді тартуға, сақтауға ынталандырады. Бұл "әділеттілік" қағидатына қол жеткізуге ықпал етеді.
2. Сапаны объективті бағалау. Балабақшалардың жұмысын бағалаудың қайта қаралған тәсілі ата-аналарға білім беру қызметтерінің сапасын тікелей бағалауға мүмкіндік береді, бұл субъективтілікті жояды және қызмет көрсетудің жалпы деңгейін арттырады. Жоба сонымен қатар нарықтың жаңа қатысушыларына мүмкіндіктер ашады, салауатты бәсекелестік туғызады және "сапа" қағидатына сәйкес қызмет сапасын жақсартады.
3. Қаржыландырудың ашықтығы. Жергілікті атқарушы органдардың әрбір балабақша үшін мемлекеттік тапсырыс көлемін бекіту жөніндегі функционалы жойылады және қаражат тікелей балаға берілетін болады. Егер бала басқа балабақшаны таңдап, оған ауысса, ваучер "ашықтық" принципін қамтамасыз ететін оның соңынан ереді.
Сонымен қатар Қасымхан Сенғазыев ваучерлік қаржыландырудың негізгі қағидаттары туралы айтты.
"Егер бұрын бала балабақшадағы орынға кезекте тұрса, енді ол ваучерге кезекке тұрады. Енді балабақшаны таңдау ата-ананың қолында. Бұған дейін мемлекеттік білім беру тапсырысы балабақшаға берілген болатын, ал қазір ваучер баланың соңынан ереді", - деп түсіндірді ол.
Айта кетейік, Астанада ваучерлік қаржыландыруды іске асыру 2025 жылдың қаңтарында басталады.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесінде кезек баланың жасына және оның әлеуметтік мәртебесіне байланысты 18 санатқа бөлінеді. Әр санаттың өз кезегі болады. Ваучер итерация (қайталау) арқылы беріледі, ал кезек жылына екі рет автоматты түрде жаңартылады.
Материалды Астананың ішкі саясат басқармасы ұсынды
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!