Астананың жаңа әкімі Жеңіс Қасымбек Желіде жазба жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Құрметті астаналықтар! Сіздермен жұмыс істеу мен үшін үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Елордамызды ары қарай бірлесе дамытатын боламыз. Астана қашанда өзіне еріксіз баурап алатын, тартымды қала болып келеді. Сол сияқты Астананың өзіне тән сұлулығы мен өзіндік ерекше энергиясы бар. Қаламызды одан әрі жайлы да қолайлы ету үшін жұдырықтай жұмылып еңбек етеміз.
Қазір дүниежүзіндегі мегаполистердің алдында жаңа жаһандық сын-қатерлер мен міндеттер тұр. Астана да солардың қатарында. Экономикалық көрсеткіштер, кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылым, қолжетімді әлеуметтік қызметтер - өз жұмысымызда қала өмірі үшін маңызы зор барлық саланы қамтимыз.
Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, медициналық нысандар және т.б. салуды әрі қарай да жалғастырамыз. Қала тұрғындарының саны, құрылыс көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанын ескеріп, жылу, су және электрмен жабдықтау нысандарының қуатын ұлғайту бойынша жұмыс істейтін боламыз.
Әлеуметтік желі - тиімді байланыс құралы. Біз үшін сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Елордамызды ары қарай дамыту бойынша сіздерден ұсыныстар мен идеялар күтеміз", - деп жазды ол.
Еске салайық, бұған дейін Жеңіс Қасымбек Қарағанды облысының әкімі қызметінен кеткені хабарланған болатын. Ол Астана әкімі қызметіне тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметте Алтай Көлгінов отырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!