• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Астананың “Диснейленді“ қашан пайда болады?

Астананың “Диснейленді“ қашан пайда болады?
Фото: depositphotos.com

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев Астанада "Диснейленд" салу жоспарлары туралы сұраққа жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Еркінбаевтың айтуынша, ол ірі туристік квартал болуы да мүмкін. 

"Бұл Диснейленд бола ма, сенімді емеспін. Бірақ қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан жобалар арасында Астанада туристік квартал бар. Бұл үлкен кешен, онда өте ауқымды ойын-сауық паркі болады. Бұл жоба іске асырылу кезеңінде тұр", – деді Еркінбаев үкіметтегі брифинг барысында. ​

Жаңа парк "Барыс Арена" артында орналасады. Оны 2027 жылы ашу жоспарланып отыр. 

"Бұл біздің астанамызға сенім білдірген шетелдік инвестор, және ол қазірдің өзінде іске асыруды бастады. Бұл үлкен кешен: онда тек ойын-сауық орталығы ғана емес, сонымен қатар үлкен сауда орталығы және халықаралық деңгейдегі қонақүй болады. Бұл біздің астанамыздағы туристерді тартатын маңызды орын болады деп ойлаймыз", – деп қосты вице-министр. ​

Айта кетейік, Қазақстанда "Диснейленд" салу туралы әңгімелер 10 жылдан астам уақыттан бері айтылып келеді.​ 2012 жылы сол кездегі Сенат депутаты Ғани Қасымов ЭКСПО-қалашығын Диснейленд ретінде пайдалануды ұсынған болатын.​

Бір жылдан кейін, 2013 жылы, Алматыда Диснейленд ауқымындағы жобаны салуды ірі ойын-сауық парктері желісінің басшысы Рустам Агеев қалаған. Ол кезде идея авторларында техникалық-экономикалық негіздеме болған, сондықтан мегажобаны екі жыл ішінде жүзеге асыруды жоспарлаған.​

2013 жылы Өскемен мен Павлодарда да Диснейленд аналогын салу туралы әңгімелер болды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта сотталған бұрынғы министр Арыстанбек Мұхамедиұлы Қазақстанда Cirque du Soleil және Disney аналогтарын құруға шақырған еді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет
Logotype Massaget