Астаналықтарға электр энергиясы үшін артық төлемдер қайтарылуы мүмкін

Астаналықтарға электр энергиясы үшін артық төлемдер қайтарылуы мүмкін
Фото: ©РИА Новости

Биыл әлеуметтік желілерде елорда тұрғындарынан электр энергиясы үшін артық төлемдерді алу туралы хабарламалар жиілеп кетті. Бұл мәселені қала прокуратурасында уәкілетті органдар, әкімдік және қызмет көрсетушілер ("Астана-АЭК" АҚ және "Астанаэнергосбыт" ЖШС) талқылады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Энергиямен жабдықтаушы ұйымнан деректерді қабылдап-жинақтаудың тиісінше ұйымдастырылмауына байланысты тұтынылған электр энергиясының көлемі дұрыс есептелмегені анықталды. Көп астаналыққа орташа тәуліктік көлемді есептеген. Осылайша, есептеу құралдарының көрсеткіштеріне сәйкес абонент нақты қабылдаған энергия мөлшері үшін энергия төлемін жүргізу туралы Азаматтық кодекстің 488-бабының талаптары бұзылған", - делінген хабарламада.

Нәтижесінде қала тұрғындарына көп мөлшерде есепшот келген.

Мән-жайды анықтау үшін азаматтар "Астана-АЭК" АҚ мен "Астанаэнергосбыт" ЖШС-нің "табалдырығын тоздыруға" мәжбүр болған.

Олардың құқығы бұзылғанын ескеріп, қала прокуратурасы Бас прокуратура арқылы Табиғи монополияларды реттеу комитетіне қадағалау актісін енгізді.

Уәкілетті орган электр энергиясы үшін негізсіз есептеуге жол берген субъектілерге тексеру жүргізу туралы мәселені қарауы қажет. Құқықбұзушылық анықталған жағдайда Заңда көзделген ден қою шараларын қабылдайды.

"Қазір "Астана-АЭК" АҚ бірнеше он мыңдаған абонентке электр энергиясының көлемін қайта бөлді.
Есептеулерді түзету жұмыстары жалғасып жатыр және ол прокуратураның бақылауында. Сондай-ақ, электр энергиясы үшін артық төлемдер бөлігінде тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда азаматтар мен ұйымдар Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі қалалық департаментке өздігінен жүгіне алатынын хабарлаймыз", - делінген хабарламада. 

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек