Астана тұрғындары таңғы уақытта күн галосын - күн айналасында сақина тәрізді жарқырау пайда болатын атмосфералық құбылысты байқады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Гало - Күн және Ай секілді жұлдыздық нысандардың айналасында пайда болатын, пішіні алқаға (не дискке) ұқсайтын айқын көрінетін жарық жолағы болып, ол жарықтың бұлттағы мұз кристалдарынан сынуы және шағылуы нәтижесінде пайда болатын атмосфералық-оптикалық құбылыс.
Ол көбінесе сақина пішінді, доға, жарық діңгегі, нұрлы дақ секілді пішіндерде болып, күнді, не айды қоршап тұрады.
Ата-бабаларымыз қораланудың күннің төңірегінде көрінгенін "күн қоралануы", айдың төңірегінде көрінгенін "ай қоралануы" деп атаған. Бұдан басқа күннің қасынан қатарласқан күн пайда болса оны "Сағым күн" деп атаған.
Атмосферадағы мұз кристалдарын түйдек бұлттар әкеледі, оларға күн (ай) сәулесі шағылысқанда адам көзіне іші қызыл, сырты күлгін сақина пішінді жарықтар көрінеді. Ал егер су тамшылары күнге шағылысса, одан көбінесе кемпірқосақ секілді құбылыстар туатыны белгілі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!