Астана қаласы ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Азамат Құсайынов биыл елорда тұрғындары мен қонақтары қай орындарда суға шомыла алатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана әкімдігінің қаулысында жазылғандай, биыл қала аумағындағы төрт орында суға шомылуға ресми рұқсат етіледі. Олар: орталық жағажай, "Три пескаря", "Столичный двор" демалыс аймақтары мен Шабал Бейсекова көпірінің ауданындағы коммуналдық жағажай.
"Суға шомылуға рұқсат етілген және тыйым салынған учаскелердің тізімін 2ГИС картографиялық платформасынан да көруге болады. Қауіпсіздік мақсатымен шомылуға тыйым салынған 21 учаскеде бақылау камерасы орнатылды", - деді жауапты маман.
Оның айтуынша, судағы өлім жағдайларының шамамен 80 пайызы азаматтардың мас күйінде және жабдықталмаған, тыйым салынған орындарда шомылуынан болады. Жағажайда қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелерін ұмытпаған да жөн.
"Жаздың ыстық күндерінде жағажайда демалушылардың саны 1 мыңға дейін жетеді. ТЖД қаланың аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, су айдындарында шомылуға тыйым салынған жерлерде ақпараттық стендтер мен 100-ден астам тыйым салатын қауіпсіздік белгілерін орнатты", - деді Азамат Құсайынов.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!