Астана тұрғындары "Атырау" жаяу жүргіншілер көпірінің жағдайына алаңдаушылық білдірді. Олар өткелдің фото және видеоларын редакцияға жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиғаның мән-жайы
Куәгерлердің айтуынша, көпір қауіпті көрінеді. Видеода конструкцияның бір жағы тіреуге тимей тұрғаны байқалады.
"Бұл – Орталық саябақтағы "Атырау" көпірі. Көпір конструкциясының бір жағы тірекке тиіп тұрған жоқ", – деп жазды оқырман редакцияның WhatsApp-нөміріне.
Суреттерде көпірдің осы бөлігі көрсетілген.
Астанадағы "Атырау" көпірі. Фото: оқырманнан
Әкімдікте не дейді?
Tengrinews.kz бұл мәселеге қатысты әкімдікке сауал жолдады. Онда қазіргі уақытта "Атырау" көпіріне тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Тексеру қорытындысы бойынша өткелдің нақты жағдайы және жөндеу қажеттілігі анықталады.
"Тиісті қорытынды алынғаннан кейін қажетті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының көлемі жоспарланып, жүзеге асырылады", – деп сендірді әкімдікте.
Айта кетейік, Астанадағы Орталық саябақта орналасқан "Атырау" жаяу жүргіншілер көпірі 2018 жылы салынған. Ол елорданың оң және сол жағалауын байланыстырады. Көпір Атырау облысы тарапынан 20 жылдық мерейтойға орай тарту етілген. Жобаның сол кездегі жалпы құны шамамен 6 миллиард теңге болған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz