Астаналық тұрғын туралы жалған ақпарат таратқан БАҚ өтемақы төлейтін болды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Биыл 10 маусымда жауапкер Қ. ақпараттық агенттігінің порталында көлік апаты туралы жарияланым шыққан. Жаңалықта кінәлінің көлікті мас күйінде басқарғаны және сұрақтарға "еш жерде жұмыс істемейтіні туралы" жауап бергені жазылған.
Талап қоюшы шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату арқылы оның жеке мүліктік емес құқықтары бұзылғандықтан, бұқаралық ақпарат құралынан моральдық зиян өндіруді сұрап, елордалық сотқа жүгінген.
Кейін жауапкер теріске шығаруды жариялап, талап қоюшыдан кешірім сұраған.
Сотта талап қоюшының жол-көлік оқиғасына кінәлі деп тану туралы сот қаулысы бар екені, алайда сот актісінде оның мас күйінде болғаны көрсетілмегені анықталды.
Талап қоюшы жұмыс орны туралы мәліметті полиция қызметкерлері мен сотқа хабарлаған.
АК-нің 143-бабына сай азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін мәліметтерді теріске шығарумен қатар келтірілген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы. Сот талапты ішінара қанағаттандырды.
Жалған ақпарат таратқан жауапкерден 100 мың теңге көлемінде моральдық зиянның өтемін өндірді.
Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!