• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Астаналық тұрғын жалға алған затын ломбардқа өткізіп жіберген

Астаналық тұрғын жалға алған затын ломбардқа өткізіп жіберген
Фото: Коллаж: depositphotos.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты алдау жолымен бөтеннің мүлкін бірнеше рет жымқыру фактісі бойынша тұрғынға қатысты үкім шығарды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Айыптаудың мәні

2024 жылдың қазан айында сотталушы С. алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында жәбірленуші М-дан Sony PlayStation 5 ойын құрылғысын жалға алып, оның рұқсатынсыз ломбардқа өткізіп, түскен ақшаны өз қалауы бойынша жұмсап, құрылғыны қайтарып бермей, жәбірленушіні әуре-сарсаңға салған.

Өз әрекеттерімен С. жәбірленуші М-ға 300 мың теңге сомасында материалдық залал келтірген.
Әрі қарай ол осыған ұқсас алаяқтық жасап, жәбірленуші К-ны алдап, 360 мың теңге сомасында материалдық шығын келтірген.

Сотталушының кінәсі өзінің мойындау айғақтарымен, жәбірленушілердің айғақтарымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденді.

Тараптардың ұстанымы

Прокурор 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады.
Сотталушы өз кінәсін мойындап, өкініш білдіріп, залалды өтеп, іс бойынша дәлелдемелерді дауламады.

Жәбірленушілер жаза тағайындауды соттың қарауына қалдырды.

Жаза

ҚК 190-бабы 3-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жазаны көздейді. Сот қылмыстық жауапкершілік пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде шын жүректен өкінуін таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен С. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина
Logotype Massaget