Астаналық педагогтің киізден жасалған Қазақстан картасы әлемдік рекордтар кітабына енді

Астанада ұлттық қолөнерді жаңғыртуға, қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеуге және оны халықаралық деңгейде танытуға бағытталған «Өнермен өрілген Қазақстан: Жүнмен жазылған тарих» атты шығармашылық жобаның таныстырылымы өтті.

Шығармашылық бастаманың авторларының бірі – елордадағы С. Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназияның көркем еңбек пәнінің мұғалімі, педагог-модератор, Ұлттық дизайн академиясының академигі Ләззат Әбділдақызы. Ол көрмеге табиғи жүнді инемен тығыздау әдісі арқылы жасаған көлемі 7×4 метрлік Қазақстан картасын ұсынды.

Сондай-ақ еліміздің әр өңірінде дайындалған 700-ден астам жүн картина да GBR (Global Book of Records) халықаралық рекордтар жобасына ұсынылды. Халықаралық комиссияның шешімімен Қазақстан картасы мен жүн картиналар топтамасы әлемдік рекордтар кітабына енгізілді.

Бұл жетістік ұлттық қолөнерді халықаралық деңгейде танытуға және дәстүрлі өнерге деген қызығушылықты арттыруға жол ашады.