- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астаналық мектеп оқушысы...
Астаналық мектеп оқушысы суға батып бара жатқан баланы құтқарып қалды
Астананың 11-сынып оқушысы Мәрлен Көшербай ерлігімен көзге түсіп, өзенге батып бара жатқан бүлдіршінді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Астана әкімдігінің сайтына сілтеме жасап.
№52 мектеп-гимназиясының 11 "А" сынып оқушысы Мәрлен Көшербай Ақмола облысы үйлерінің бірінің қасында өзенге батып бара жатқан баланы құтқарып қалды.
12 мамыр күні сағат 11 шамасында Мәрленді қарындасы оятып, өзенге бір баланың батып бара жатқанын айтқан.
Мәрлен бірден үйдің жанындағы өзенге қарай жүгіріп, суға батып бара жатқан бүлдіршінге көмекке ұмтылып, аман-есен шығарып алды.
"Мәрлен Көшербай – оқуының үздігі, спортпен тұрақты айналысады. Белбеу күресінен жасөспірімдер арасында Астананың ашық біріншілігінде 55 келі салмақта "алтын" жеңіп алған, сол сияқты "Аршалы барысы" турнирінің ІІ орын иегері. Бала кезінен көкпар спортына қатысады. Бейбіт заманның батыры өз сөзінде кішкентай баланың өлім мен өмірдің ортасында тұрғанын көргенде, ойланбастан көмекке ұмтылғанын айтты. Бүгін Мәрлен көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін Астана қаласы білім басқармасы мен Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің атынан марапатталды", - делінген хабарламада.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан