Денсаулық сақтау саласының сарапшысы Лейла Ишбаева "астаналық коэффициент" түрінде қосымша үстемақы енгізіп, елордалық дәрігерлердің жалақысын көтеруді ұсынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өткен қоғамдық тыңдауда мәлімдеді.
Ишбаеваның сөзіне сенсек, Қазақстан Ресеймен салыстырғанда жылына бір адамды емдеуге аз қаржы жұмсайды.
"Қазақстан жылына бір адамға медициналық қызмет көрсетуге 250 доллар (119 291 теңге, 1 доллар - 477 доллар) бөледі. Ресейде бұл көрсеткіш - 1250 доллар (596 459 теңге), Мәскеуде - 3120 доллар (1 488 761 теңге). Осылайша, Мәскеуде денсаулық сақтау саласы осындай деңгейде жетті. Бұл "астаналық коэффициент" есебінен болды", - деді Лейла Ишбаева міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселелері бойынша өткен қоғамдық тыңдауда.
Сарапшының пікірінше, елордалық дәрігерлер үшін "астаналық коэффициент" түрінде қосымша үстемақы енгізуі керек.
"Астана қаласының әкімі басқаратын қор құруды ұсынамыз. Қорды қалалық денсаулық сақтау басқармасы бақылауында ұстауы керек. Өйткені оларда жақсы сөз және алғыс хаттан бөлек, қор да болуы керек. Сіздер бұл ақшаны "астаналық коэффициент" есебінен көтерілген тариф түрінде аласыздар. Жеңіс Қасымбектен осыны сұраймыз", - деді ол.
Лейла Ишбаева елордадағы медицина саласындағы мамандардың мәртебесін көтеруді ұсынды.
"Клиникалардың рейтингі болуы шарт. "Астаналық" деген мәртебе беру керек. Мысалы, астаналық дәрігер, астаналық клиника. Сонда бізде жұмыс істеуге деген ынта пайда болады", - деді сарапшы.
Ашық дереккөз мәліметтеріне сүйенсек, былтыр университетті бітірген жалпы практика дәрігерінің орташа жалақысы шамамен 382 мың 489 теңге болды. Арнаулы дәрігердің орташа жалақысы 288 мың 367 теңге болған еді. Жалпы практика медбикесінің орташа жалақысы 246 мың 347 теңге болса, арнаулы медбикенің орташа жалақысы 185 мың 372 теңгеден басталды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз