Астаналық ер адам мас күйде шаштаразды тонап кеткен

Астаналық ер адам мас күйде шаштаразды тонап кеткен
Фото: Полиция департаментінен

Астанада ер адам сұлулық салонынан шаштараз құралдарын ұрлап кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ер адам салонның ішіне орнатылған бейнебақылау камераларына түсіп қалған. Құқық қорғау қызметкерлерінің мәліметі бойынша саунада ішімдік ішкен азаматтардың бірі мас күйінде дәретханаға бара жатып, жоғары қабатта орналасқан бөлмеге кіреді. Шаштараздың ішіне кіргеннен кейін ол шаштараз құралдарын ұрлап, қашып кетеді.

Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Байқоңыр ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 30 жастағы күдіктіні анықтады, ол шаш кептіргіш пен шаш қию машинасын жасырын ұрлап, сол арқылы материалдық залал келтірді.

Ер адам иесі ашық қалдырған есікті көрген кезде қылмыс жасау ниетінің пайда болғанын мойындады. Ұрлық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға бөтеннің мүлкін ұрлау немесе бөтеннің мүлкін қылмыстық жолмен ие болу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салады.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина