Астаналық дәрігерлер үш айлық баланың миынан үлкен көлемдегі ісікті алды

Астанада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері ең күрделі оталардың бірін сәтті жүргізді, олар үш айлық қыздан ірі көлемдегі ми ісігін алып тастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сәбидің анасы Айбаттың айтуынша, қыз уақытында туып, қалыпты дамыған. Алайда екі айлығында жиі құсу, ембеу, терісі көгеруі және қатты мазасыздық сияқты белгілер байқалған. 

Баланың ата-анасы дереу педиатрға, содан кейін невропатологқа жүгінген. Ультрадыбыстық зерттеуде қарақұсының тұсында сұйықтық бары анықталған, ал кейінірек жүргізілген КТ сол жақ төбесінде көлемді ісікті растаған. МРТ мидың маңызды бөлігінде орналасқан, 5,6× 4,2 см көлеміндегі ісікті көрсеткен.

Балалар нейрохирургтары кеңескеннен кейін шұғыл ота жасау туралы шешім қабылданған. Бала балалар нейрохирургиясы бөлімшесіне емдеуге жатқызылған.

Балалар нейрохирургиясы бөлімшесінің меңгерушісі, профессор Ғабит Өлеңбайдың айтуынша, ота өте күрделі болған: ісік баланың миының жартысына жуығын алып жатқан, қан жоғалту қаупі өте жоғары болған. Дегенмен командалық жұмыстың, заманауи әдістерді қолданудың арқасында ота сәтті өткен.

"Қазір бала отадан кейінгі емнен өтіп жатыр және жағдайы жақсы", - деді Ғабит Өлеңбай.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!