Астанадағы №2 көпбейінді аурухана дәрігерлері өндірісте зардап шеккен жігіттің қолын аман сақтап қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Науқас 7 қаңтарда шұғыл түрде ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Ер адамның оң қолы иығының жоғары тұсынан бөлініп кеткен.
Бұл қиын отаны дәрігерлер бригадасы екі кезеңмен жасаған. Бірінші кезеңде ангиохирургтар қан ағымын қалпына келтіру үшін тамырларды тігіп, екінші кезеңде травматологтар бұлшық еттерді, нервтерді, сіңірлер мен сүйектерді қалыпқа келтірді.
"Ота шамамен 5 сағатқа созылды. Біз әр отада дене мүшесінің бәрін мүмкіндігінше сақтап қалуға тырысамыз. Бұл жолы тамыр-жүйке байламына толық ревизия жасау керек болды, тігіс барлық бұлшық етке қойылды, өйткені қол толықтай бөлінген. Бастапқыда қолды сақтап қалу және оның функциясын қалпына келтіру мүмкіндігі аз еді. Отаның сәтті аяқталғанына өте қуаныштымыз", - деді ангиохирург дәрігер Дастан Сабырұлы.
Қазір науқас оңалту курсынан өтіп жатыр, дәрігерлер оң қолдың жұмысын қалпына келтіруге белсенді қатысып, әртүрлі әдісті қолдануға кеңес беріп жатыр.
"Біз отаны одан кейінгі оңалту әлдеқайда жылдам жүзеге асатындай етіп жасай алдық. Барлығы біріктірілді, қазіргі уақытта науқасты ешнәрсе мазаламайды", - деді травматолог дәрігер Әлімжан Дүйсенбаев.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!