2022 жылдың қарашасында әлеуметтік желіде астаналық Әсел Омарова емізулі баласымен таксист болып жүрген видеосы тараған болатын. Видео желіде қызу талқыға түскен еді. Нәтижесінде, әйел адамға пәтердің сертификаты беріліп, барлық айыппұлы төленді. Алайда Әсел әлі күнге дейін пәтерін алмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Видео желіде тарап кеткеннен кейін қазақстандықтар 2 миллион теңге жинап берді. Сол кезде Әселмен қайырымдылық қорының жетекшісі Перизат Қайрат байланысқан. Ол әйел адамның үйін көріп, баспана сыйлайтынын айтып, сертификат ұстатып кеткен болатын. Бірақ арада екі жыл өтсе де уәде етілген пәтер әлі берілмеген.
Бүгінде Әсел Омарова балаларымен Астанадағы жатақхананың бірінде тұрып жатыр. Оның сөзінше, Перизат Қайрат хабарласып, кішкене күтуін сұраған.
"Үйді әлі алмадым. 3-4 ай бұрын Перизат Қайрат хабарласып, кішкене күтуімді сұрады. Бірақ қазір жағдай өзгеріп кетті. Маған сертификат берілген кезде ол құрылыс салушымен келіскен. Алайда ол жерде жерге қатысты дау туған екен. Пәтер берілетін жерде ешнәрсе жоқ, тек қоршалған аймақ тұр", - дейді Әсел.
Оның сөзінше, қазіргі таңда құрылыс салушының баспаналардың құрылысын бастауға арналған учаскесі де жоқ екен. Бүгінде Әсел тұрып жатқан жатақханасына айына 85 мың теңге төлейді. Әлі күнге дейін таксист болып жүр.
Айта кетейік, Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
Кейін Қаржы мониторингі агенттігі оның қайырымдылық қорынан 1,5 миллиард жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады. Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге Mercedes-Benz S450, 80 млн теңгеге Lexus LX-600 және 39 млн теңгеге Haval автокөліктерін сатып алды.
Сонымен қатар қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қайрат Дубай, Доха, Лондон және Ыстамбұлдағы St. Regis, Shangri-La, Palazzo Versace және Kempinski сияқты бес жұлдызды қонақүйлерде демалған.
Сонымен қатар Перизат Қайрат палестиналықтардың 200 миллионын жымқырған деген күдікке ілінген. 2023 жылдың қараша айында Перизат Қайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинауды ұйымдастырды. 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қ. Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 млн теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 млн теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа автокөлігін сатып алды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!