Астаналық әйел TikTok-тағы видеосы үшін жазаланды

Астаналық әйел TikTok-тағы видеосы үшін жазаланды
Фото: depositphotos.com / jypix

Астаналық әйел TikTok-тағы видеосы үшін жазаланды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Істі Астана қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қарады. Онлайн-платформаларда қоғамдық тәртіпті, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзуға жағдай жасайтын жалған ақпаратты орналастырғаны үшін (ӘҚБтК-нің 456-2 бабының 3-бөлігі) А.-ға қатысты іс қаралды.

Істің мән-жайына сәйкес, А. әлеуметтік желідегі өзінің TikTok қосымшасында Астана қаласында жолаушы жүргізуші әйелдің тамағын кесіп тастағаны туралы видеоны орналастырған.

Ал полиция департаменті бұл факті ешқандай жерде тіркелмегенін және ақпарат шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаған.

Сот отырысында А. өзінің әрекетін ішінара мойындап, келесі күні бұл видеоны өшіргенін, бірақ оны басқа тіркелушілер таратып үлгергенін түсіндірді. Бейнежазбаны жариялаудағы мақсаты – такси жүргізушілеріне кездейсоқ жолаушылардан аулақ болуды және болашақта болуы мүмкін қылмыстардың алдын алуды ескерту екенін айтты.

Жасалған құқықбұзушылықтың мән-жайлары іс материалдарымен, жалған мәліметтерді орналастырғандығы жөніндегі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттамамен, полиция инспекторының баянатымен расталады. ӘҚБтК-нің 456-2-бабы 3-бөлігінің санкциясы жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді.

Сот қаулысымен А. ӘҚБтК-нің 456-2 бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

С. Сатыбалдина