- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанаға таңғы уақытта...
Астанаға таңғы уақытта кіру ақылы болуы мүмкін
Астанаға кіру тек таңғы уақытта ақылы болуы мүмкін. Жұрт жұмысқа жиналған сағат 7 мен 10-ның арасында елордаға кіруді 200 теңге ету туралы ұсыныс жасалып жатыр. Айтуларынша, жолды ақылы қылса, қаланың бас көшелеріндегі кептелісті азайтады екен.
Әдетте ресми жиналыс жиі өтетін залға бүгін Астана тұрғындары келді. Тас талқаны шыққан жолдар, жамалған асфальт, у-дай такси мен ақылы автотұрақ жыры. Бұдан бөлек астаналықтарды кондуктор этикасы мазалайды екен. Аяғын шығарып автобус тізгіндейтіндер мен құлағынан телефон түспейтін жүргізушілер де жұрт ызасын әбден келтіріпті.
Осы тектес түйткілдердің алдын алу үшін электронды билет жүйесі енгізіліп жатыр. Қоғамдық кеңес тыңдалымына келген компания электронды карта сатып алатын аппараттарын жұрт назарына ұсынды. Сондай-ақ су жаңа автобустар, «скулбастар» бар. Айта кетерлігі, оқушыларды мектепке таситын бұл көліктер келесі жылы іске қосылмақшы. Сондай-ақ компания Астанаға кіруді 200 теңге ету керек деп отыр.
Талғат Ардан, «Астана LRT» ЖШС-нің басқарма төрағасы:
– Таңғы 7 мен 10 аралығында Астанаға кіретін көлік көп. Кептеліс сұмдық, сондықтан осы уақытта қалаға кіру, мысалы, 200 теңге етіп қойсақ. Және келушілер көлігін кіре беріске тастап кетіп, қоғамдық көлікте діттеген жеріне тегін жетсе де деген ұсыныс бар.
Қоғамдық көлік емес, таксимен жүретіндерге де жағымды жаңалық. Қазір елордада жұмыс істеп тұрған 8 такси компаниясы жеткіліксіз, сондықтан қосымша мынадай таксилер жіберілмек. Ал жұрт жиі шағымданатын елорда жолдарының 33 шақырымы биыл жөнделмек. Сондай-ақ Астанадағы 4 жолды бір бағытқа өзгерткен әкімдік тарапы бұдан едәуір ұттық деп отыр. 30 пайызға көлік жүктемесі азайды деген жауапты орган жақын арада тағы бірнеше көшені бір бағыттық етпекші.
Дереккөз: 31.kz
Е. Жұмабайұлы