Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, Қазақстан елордасында туризм саласында елеулі өсім байқалып отыр, - деп хабарлады Астана қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
1998-2016 жылдар аралығындағы кезеңде Астанаға жыл сайын келетін шетелдіктердің саны шамамен 50 есеге (5,5 мыңнан 273 мың адамға дейін), Қазақстан азаматтарының саны 43 есеге (12,8 мыңнан 558 мың адамға дейін) артты; осы ретте орналастыру орындары көрсеткен қызметтердің көлемі 91 есеге жылына 200 млн-нан 18,2 млрд теңгеге дейін ұлғайған, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
Астанада туристік инфрақұрылымды дамыту мақсатында халықаралық әуежайда, теміржол вокзалында және «Хан Шатыр» сауда орталығында ақпараттық дүңгіршектердің жұмысы жолға қойылды, туристер ол жерден қаланың картасы мен жолнұсқағышты тегін ала алады. Сондай-ақ, ақпараттық дүңгіршектердің қызметкерлері туристке үш тілде (ағылшын, орыс және қазақ тілдері) ақпараттық қолдау көрсете алады.
Қалада жол табуды жеңілдету мақсатында 140 жолнұсқағыш пен 100 пилон орнатылуда. welcometoastana.kz туристік интернет-порталы және Astana Guide ұялы қосымшасы іске қосылды, туристерге арналған ресми Z-карта мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде Astana Official Guide жолсілтеме-журналдың алғашқы басылымы басып шығарылды.
Сондай-ақ, Hop-on/Hop-off жүйесімен Astana Sightseeing Tour жүйелі экскурсиялық автобустық бағыты іске қосылды. Бағыт қаланың басты көрікті жерлерімен өтеді, жоба инвестициялық қаржы есебінен жүзеге асты. Автобустар аудиогидтермен жарақталған, онда туристер үшін төрт тілде экскурсиялар жүргізіледі. Бұдан басқа, қаланың туристік тартымдылығын арттыру үшін Нұржол бульварымен аудиогидпен бірге жаяу серуендер ұйымдастырылды. Жақын уақытта пайдаланушыларға қажет тілде қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін Friendly Taxi жобасын іске асыру жоспарланып отыр.
Қызмет көрсету саласының сапасын жақсарту мақсатымен Астананың Recommended by EXPO-2017 әріптестік бағдарламасы жүзеге асырылуда, оған қонақ үйлер, хостелдер, қоғамдық тамақтану нысандары, қызмет көрсету кәсіпорындары және көлікті компаниялар қатысуда. Бағалау жүргізу барысында көрсетілетін қызметтердің әлсіз жақтары анықталып, оларды жақсарту бойынша кеңестер беріледі.