Бүгінде қалаға жақын орналасқан елді мекендерді елордаға қосу жоспарда жоқ. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Биыл қаңтарда 2035 жылға дейін Астана қаласын дамытудың бас жоспары бекітілді. Сондықтан осы құжат негізінде мәлімдеме жасай аламын. Құжатқа сәйкес, осы кезеңде Қосшыны Астана қаласына қосу жоспарланбаған", - деді қала әкімі Үкіметтің баспасөз орталығында.
Жеңіс Қасымбек Астанаға жақын орналасқан елді мекендерді тиісті әлеуметтік нысандар салынатынын жеткізді.
"Алдағы уақытта (елордаға) жақын орналасқан елді мекендерді қалаға қосу жоспарда жоқ. Біз Ильинка, Үркер елді мекендері қалаға тиіп тұрғанын білеміз. Олар бір елді мекен, ортасын жол бөліп тұр. Ильинкада тұратын балалар Үркерде оқып жатыр. Қазір біз Ильинкада 2 мектеп салып жатырмыз. Себебі, онда 30 мыңнан аса адам тұрады. Болашақта осындай мәселе туындауы мүмкін. Алайда қазір ресми түрде ондай құжат жоқ", - деді ол.
Айта кетейік, 2021 жылғы шілдеде Қосшы ауылы облыстық маңызы бар қала мәртебесін алған еді.
Аяз Есен
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!