- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанаға арналған он...
Астанаға арналған он күн
Кеше Елбасы кітапханасында «Ашық есік күндері» мерекелік онкүндігі салтанатты түрде ашылды. Шара елордамыздың туған күніне орай ұйымдастырылғанын естеріңізге саламыз.
«Біз биылғы жылы еліміздің тарихындағы тағы бір ерекше белеске жеттік. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Бұл дата өткен өміріміздің парағында алтын әріппен таңбаланары сөзсіз. Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық қарыштап дамуының, әлем таныған мәртебелі мемлекет болып қалыптасуының айқын айнасы – Астана десек, артық айтқандық болмас. Елордамыздың 18-ші туған күні Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырғанын айрықша атап өткен абзал. Осы орайда ұйымдастырылып отырған бүгінгі көрменің маңызы жоғары. Себебі, ол кешегі күні мен бүгінгі күннің арасындағы алтын көпір іспетті», – деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.
Мерекелік шара барысында меймандар Астана күніне арналған көрмелермен танысты. Олардың ішінде – «Елбасы әлемі: Тұлға. Саясаткер. Жасампаз» тақырыбындағы мұрағат құжаттары фотодеректерінің көрмесі бар. Онда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жасампаз істерін паш ететін және жаңа елордамыздың тарихынан сыр шертетін мұрағат құжаттары ұсынылған. Көрме жас буынның рухани-адамгершілік құндылықтарын дамытуға, өскелең ұрпақтың бойында азаматтық жауапкершілікті және отансүйгіштікті қалыптастыруға бағытталған.
Көрме авторлары Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасын тұлға, әлемдік деңгейдегі саясаткер, елдің қоғамдық-саяси һәм әлеуметтік-экономикалық өміріндегі көрегендік және жасампаз өзгерістердің бастамашысы, жетекшісі әрі қатысушы ретінде сипаттайтын түпнұсқалық тарихи құжаттарын ұсынған.
«Естелікке қолтаңба» көрмесі шетел мемлекеттері басшыларының, танымал тұлғалардың Елбасының атына сыйға берілген бірегей суреттермен ерекшеленді. Экспозицияға 40 ерекше фотоқұжаттар ұсынылды. Олардың қатарында АҚШ президенті Б.Клинтонның, Филиппин президенті Г.М.Арройоның, АҚШ вице-президенті А.Гордың, ханзада Чарльздың қолтаңбалары бар суреттер қойылған.
Ал «Астананың болашағы – балалардың көзімен» тақырыбындағы көрмеде еліміздің және елордамыздың, ұлттық мәдениеттің даму тарихына арналған балғындардың суреттері көрсетілген. Астаналық балалар өздерінің ойлары мен армандарын бейнелеу өнері арқылы жеткізуге тырысқан. Сонымен бірге, «Еуразия жүрегінде» фотокөрмесінде Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Александр Пархоменконың төлтуындылары паш етілді. Онда Астана қаласының көріністеріне арналған 60 фотосурет көздің жауын алады. Танымал фотосуретші өнерсүйер қауым үшін дәріс оқып, 15 жыл бұрын Мемлекет басшысының Павлодар облысына жасаған іссапарының суреттері бар дискіні Елбасының кітапханасына сыйға тартты.
Осылардың арасында Әлем чемпионы, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасовтың шахмат бойынша шеберлік сыныбын өткізгені, екі мәрте әлем чемпионы, «Қазақстан Республикасы тоғызқұмалақ спорты федерациясының» атқарушы директоры Серік Ақтаев тоғызқұмалақ бойынша жарыс және шеберлік сыныбын ұйымдастырғаны көрермен үшін қызықты болды. Оның барлығы елордамыздың туған күніне арналғанын айта кетсек дейміз.
Жоғарыда атап өткен мерекелік шаралар шілденің 1-інен 10-на дейін жалғасады.
Рауан Қайдар
Дереккөз: «Егемен Қазақстан»
Y. Almabek