№4 Астана - Алматы-2 жолаушылар пойызы Шиелі стансасында рельстен шығып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Tengri Travel редакциясына оқырмандардың бірі хабарлап, видео да жолдаған.
Оның айтуынша, 9 шілде күні Астана уақытымен сағат 11:30 шамасында Астана (Нұрлы-Жол) - Алматы-2 бағытымен келе жатқан №4 жолаушылар пойызы оқыс оқиғаға тап болған. Оқырманның сөзінше, пойыз Отар станциясынан 20 шақырым жерде орналасқан Шиелі стансасының қиылысында рельстен шығып кеткен.
"Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Біз күтпейік деп шешіп, бағыттас көлікпен кетіп қалдық. Пойызға және онда қалған жолаушылардың қазіргі жағдайы бізге белгісіз", - деп жазды оқырман.
Жолаушылар тасымалының баспасөз қызметі дизель-генератор қондырғысы бар техникалық вагонның соңғы бөлігі рельстен шығып кеткенін растады. Ресми мәлімдемеде Астана - Алматы бағытындағы №4 жылдам пойыздың қызметі уақытша тоқтатылатыны айтылған.
Сондай-ақ, баспасөз қызметі жолаушылар Алматыға қарай бағыт алған №503/504 басқа пойызға ауыстырылғанын хабарлады.
"Ұлттық тасымалдаушы уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды. Жолаушылар пойыздарының жүру кестесі туралы анықтаманы 1433 телефоны арқылы тегін ала алады", - деп хабарлады тасымалдаушы.
Қазіргі уақытта барлық жолаушы Алматыға жол жүріп бара жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!