Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев үйі, көлігі және әкімдіктегі жеке лифті туралы сұрақтарға жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Асхат Ниязовқа берген сұхбатында айтты. Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, облыс әкімінің резинденциясы жоқ.
"Мен бесқабатты үйден пәтер жалға алып тұрамын. Теңіз жағалауындағы зәулім үй - досымның үйі. Кейде сонда барып тұрамын. Ал Астанада үйім бар. Жеке көлігім жоқ. Көлік айдайтын уақытым да жоқ", - дейді облыс әкімі.
Сондай-ақ, ол әкімнің жеке лифті туралы сұраққа жауап берді. Бұл лифт паркингтен тікелей әкім кабинетіне көтеріледі. Лифттің ішінде тіпті кілем де бар.
"Иә, ондай лифт бар. Солай салынған. Қажет болғанда жалпыға ортақ лифтке мінемін. Таңғалатын ештеңе жоқ", - дейді ол.
Айта кетейік, Нұрлан Ноғаев 2021 жылғы 7 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Маңғыстау облысының әкімі болып тағайындалды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!