Астанадағы ұлттық пантеонға көрнекі тұлғаларды дініне қарай бөлек жерлеу керек пе? Осы сауал қалалық мәслихат депутаттарының назарын аударды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Елордалық халық қалаулылары жауапты мекеме өкілдерінен елімізге еңбегі сіңген тұлғаларды ұлттық пантеонға жерлегенде, дініне байланысты аумақтарға бөлудің қаншалықты дұрыс екенін сұрады.
Бұл сауалға Астана қаласының отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Марсель Ұзақов жауап берді. Десе де, ол алдымен мекеменің жерлеу рәсімін жасамайтындығын еске салды.
"Біз тек қана тапсырыс берушіміз. Жерлеу рәсімімен айналыспаймыз. Алайда, пантеонға Қазақстанның көрнекті қайраткерлері жерленетінін, қарапайым зират емес екенін айта кетейін. Сондықтан онда жерленетін тұлғаларды дініне байланысты бөліп-жаруға болмайды деп шешім қабылданды. Біздің еліміз – зайырлы мемлекет", - деді басқарма басшысы.
Ал наурыздың соңында ұлттық пантеонға қатысты Үкімет қаулысының жобасы көпшіліктің ашық талқысына шығарылған болатын. Онда ұлттық пантеонға ел президенттерінің отбасы мүшелері жерленбейтіні жазылған. Бірақ жұбайларын жерлеуге рұқсат етіледі.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!