Астанадағы үйден өрт шығып, төрт баланың қаза болуына қатысты қылмыстық іс қозғалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Балалардың қаза болуына әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына байланысты жеке екі қабатты тұрғын үйде болған өрт фактісі бойынша ТЖД анықтау бөлімі ҚР ҚК 292-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу нәтижелері тексеру аяқталғаннан кейін айтылады", - делінген хабарламада.
Еске салайық, бүгін Астанада жеке екі қабатты үйде өрт шығып, төрт бала қаза тапты.
17 қараша күні таңертең екі қабатты жеке үйдің шатыры өртеніп, содан кейін ішінара құлаған.
Құтқарушылар хабарлама келіп түскеннен кейін 6 минутта жетіп, ашық жануды байқаған. Өрт 500 шаршы метр алаңда оқшауланып, толығымен сөндірілді.
Өрт салдарынан 2011, 2015, 2021 және 2022 жылы туған төрт бала қаза тапты.
Себебі анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға орнында өрт зерттеу зертханасы жұмыс істеуде, қаза тапқандардың жақындарына Апаттар медицинасы орталығының және Астана қаласы ТЖД психологтары көмек көрсетіп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!