Астанадағы төрт бала қаза тапқан өрт: әкімдік қандай көмек береді?

Астана әкімдігі жеке тұрғын үйден шыққан өрттен қаза тапқан төрт баланың отбасына көмектеседі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шатыры жартылай опырылып, өрт болған жекеменшік екі қабатты үйде екі отбасы тұрған. Астана әкімдігі оларға қажетті көмек көрсетеді.

"Құрбан болған зардап шеккен отбасыға психологиялық көмек беріледі. Оларға материалдық, тұрғын үй және басқа да қажетті көмек көрсетіледі. Туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Құрбан болмаған екінші отбасы уақытша баспанаға орналастырылды. Әкімдік қызметкерлері отбасыларымен тұрақты байланыста, барлық қажетті көмек көрсетіледі", - делінген хабарламада.

Еске салайық, бүгін Астанада жеке екі қабатты үйде өрт шығып, төрт бала қаза тапты. 

17 қараша күні таңертең екі қабатты жеке үйдің шатыры өртеніп, содан кейін ішінара құлаған.

Құтқарушылар хабарлама келіп түскеннен кейін 6 минутта жетіп, ашық жануды байқаған. Өрт 500 шаршы метр алаңда оқшауланып, толығымен сөндірілді.

Өрт салдарынан 2011, 2015, 2021 және 2022 жылы туған төрт бала қаза тапты.

Себебі анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға орнында өрт зерттеу зертханасы жұмыс істеуде, қаза тапқандардың жақындарына Апаттар медицинасы орталығының және Астана қаласы ТЖД психологтары көмек көрсетіп жатыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз