- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанадағы тоқсан жылдан...
Астанадағы тоқсан жылдан аса тарихы бар стадион бұзылмақ
Астананың оң жағалауындағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадион жетімнің күйін кешіп тұр. Massaget.kz тілшісі бұл нысанға Желі қолданушысы Евгений Переверзевтің жазбасынан соң назар аударды.
Белсенді елорданың ескі орталығындағы тарихи нысанның ахуалы сын көтермейтінін алға тартады.
"Біз осылай өз тарихымызды өзіміз жоямыз да, жылдар өткен соң болған оқиғаның себептерін іздеп, бас қатыра бастаймыз. Басты себеп - өзіміз, бей-берекетсіздікке үнсіздігіміз", - дейді Евгений Переверзев.
Бір кездері алаңынан дүбір арылмайтын стадионның қазіргі жағдайына байланысты Астананың дене шынықтыру және спорт басқармасы өкілдері жауап берді. Олардың айтуынша, 1936 жылы ірге қалаған нысан бұзылады.
"Стадионға 2020 жылы жүргізілген техникалық байқауға сәйкес, қолданыстағы трибуналар апатты жағдайда екені анықталды, трибуналар астындағы бөлмелер құрылыс конструкцияларының жиынтығы тозған. Осыған байланысты стадионды толығымен бұзып, жаңа стадион салу туралы шешім қабылданды. Қазір жобалау жұмыстары жүргізіліп жатыр, ол биыл тамызда аяқталып, қазанда оң сараптамалық қорытынды алынады. Содан кейін бюджетті 4-ші нақтылауда қаржыландыру сұралады. Осыдан соң құрылыс-монтаж жұмыстарына мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланады", - деп жазды жауапты ведомство өкілдері.
Айта кетейік, 1936 жылы осы стадион маңында жартылай қираған бекініс орнын 14-ші Кавалериялық полк әскери бөлімшесі тазалап, дене шынықтыру, әскери-техникалық дайындықтарын және футбол жаттығуларын жүргізе бастады.
Ал 1938 жылы алдымен "Стрела" спорттық қоғамы құрылды, көп кешікпей ол "Локомотив" деп атын өзгертіп, темір жол торабы жұмысшыларын біріктірді. Теміржолшылар көп уақыт әлеуметтік-мәдени саланы дамытуға жауапты болған. Стадионның аумағы 10 мың шаршы метрге дейін ағаш шарбақпен қоршалып, 2 мың орындықпен жабдықталды.
1951-1962 жылдар аралығында қалалық стадионның көптеген атаулары болды, нақтырақ айтқанда "Искра", "Буревестник", "Еңбек", "Торпедо". Өйткені стадион әртүрлі спорттық кәсіподақ қарамағында болды. Сол жылдары стадионда хоккей ойнайтын корт, киім ауыстыратын орындар және шығыс мінбесі пайда болды.
Стадионда алғаш рет ресми 1964 жылы 14 мамырда КСРО чемпионаты "Б" классының ойыны өтті. Оған 10 мыңнан аса жанкүйер келді. Бұл күні "Динамо" (Целиноград) - "Локомотив" (Орынбор) командалары кездесіп, 2:0 есебімен біздің жерлестеріміз жеңіске жетті.
1998 жылғы 10 маусымда стадионда Қазақстан Республикасы астанасының ашылу салтанаты болды.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек