Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшы Чжан Мин елордада өткен ШЫҰ саммитіне жоғары баға берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"2023 жылғы шілдеден бастап ШЫҰ төрағалығы Қазақстанға өтті. Төрағалық ету кезеңінде қазақстандық тарап түрлі салада 140-тан аса іс-шара ұйымдастырды. Экономикалық, инвестициялық, көлік, мәдени-гуманитарлық және экологиялық аспектілерге басымдық берілді. Біздің ойымызша, Қазақстанның ШЫҰ-ға төрағалығы барынша өте мазмұнды және қызықты өтті", - деді Чжан Мин.
Сондай-ақ ол Астана саммитіне жоғары баға берді.
"Бүгінгі саммит нәтижелі, конструктивті, жемісті болды. Бұл ұйымның қызметіне жаңа серпін беріп, ұйымның тарихындағы маңызды кезең болды. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты осы отырыстың және тұтастай алғанда ШЫҰ төрағалығының жоғары деңгейде сәтті өтуімен құттықтаймын", - деді бас хатшы.
Оның айутынша, енді ШЫҰ төрағалығы Қытайға өтеді.
"Астана саммитінен кейін Қытай тарапы төрағалық эстафетасын қабылдады. Қытай көптеген жыл бойы ұйымның дамуына үлес қосып келеді. Қытайлық серіктестерге ұйымға төрағалық ету кезеңінде жұмысының жемісті және нәтижелі болуын тілейміз. Циндао қаласына 2024-2025 жылдары ШЫҰ-ның мәдени және туристік астанасы мәртебесін беруін құптаймыз", - деді Чжан Мин.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!