Астанада салынып жатқан мұз қалашығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Биыл ол «Хан Шатыр» кешенінің жанында бой көтереді. Мұз мүсіндерін дайындауға 200-дей шебер бас біріктіріп отыр.
«Олар жұмысты күні-түні үзбей, мерзімінде аяқтаймыз», - дейді. Жалпы, қалашықтың ашылу рәсімі 1 желтоқсанға жоспарланған. Мұз мүсіндері орналасқан аумақтың көлемі 20 мың шаршы метрге жетеді. Айта кетейік, бас қаламызда мұз мүсіндерінің тағы үш алаңы салынады. Олар Есіл өзенінің жағалауында, Тәуелсіздік монументі мен қалалық әкімдік ғимаратының жанында орналасады.
Мәди Қаналин, мұз қалашығын безендіру мекемесінің директоры: - Қытайдан 70 маман арнайы шақырылды. Олар дүниежүзілік жарыстарда топ жарған мұз мүсіндерінің үлгісін осында әкелді. Біздің мақсатымыз – жұртшылықты ертегі әлеміне жетелеу. Бұл жерде Ақорда, «Хан Шатыр» және «Бәйтерек» үлгісіндегі мүсіндер бар. Түн мезгілінде олар айналаға жарық шашып тұрады.
Дереккөз: 24.kz