Полиция елордадағы митингке қатысты түсініктеме берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
26 қарашада кешкі уақытта Астанадағы түнгі клубтардың бірінде жастарға арналған мәдени-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылды. Ұйымдастырушы кәсіпкер шараға 300-ге жуық жастарды жинаған.
Жиын барысында ұйымдастырушы жиналғандарға көрінеу жалған ақпарат беріп, бейбіт жиналыстар өткізудің заңда белгіленген тәртібін бұза отырып, оларды өзінің жеке құқыққа қайшы мақсатына қол жеткізу үшін заңсыз шеруге шақырған. Арандату нәтижесінде қоғамдық тәртіп өрескел бұзылып, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымның толыққанды жұмыс істеуіне кедергі жасалған.
"Жиынға қатысушылар полицияның заңсыз әрекетті тоқтату туралы талабын ескермей, дауыс зорайтқышты қолданған, ұйымдастырушының шақыруымен тәртіпті бұзуды жалғастыра берген. Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция заңсыз әрекеттердің жолын кесу шараларын қабылдауға мәжбүр болды. Бұл ретте заңсыз шеруге қатысушылар қызметкерлерге бағынбай, қарсылық көрсетті", - делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта кінәлі адамдар анықталып, полицияға жеткізілді. Олардың іс-әрекеттеріне белгіленген тәртіппен құқықтық баға беріледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!