Астанадағы тұрғын үйлердің бірінде шабуылға ұшырап, бетінің жұмсақ тіндерінен көптеген кесілген жарақат алған бала әлі де ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің сөзінше, баланың жағдайы оңалып келе жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бес жасар бала көпбейінді балалар ауруханасының жақ-бет хирургиясы бөлімінде ем алуда.
"Антибактериалды терапия, физиологиялық емдеу жалғасып жатыр. Ісік ұлғаймаған, динамика оң. Күнделікті таңу процедуралары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады қалалық денсаулық сақтау басқармасы.
Айта кетейік, 12 ақпан Астанада белгісіз жасөспірім тұрғын үйдің лифтінде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасаған. Оқиға сәтінің видеосы әлеуметтік желілер мен чаттарда тарады. Жәбірленуші жақ-бет хирургиясы бөліміне жатқызылып, оған шұғыл операция жасалды. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақты деп бағалаған болатын.
Астана полиция департаменті күдікті жасөспірімнің ұсталған сәтін көрсетті. Балаға шабуыл жасау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары аяқталған соң шабуыл жасаған адамға қатысты оқшаулау шаралары қабылданады. Кәмелетке толмаған баланың заңды өкіліне тәрбиелік міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін жауапкершілік жүктелді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!