Астанада Полиция департаменті тұрғын үйлердің бірінің лифтінде бес жасар балаға пышақпен шабуыл жасаған 14 жастағы жасөспірімге дене жарақатын келтіру дерегін тексеріп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұған дейін желіде 14 жастағы жасөспірімнің анасы полицияға жүгінгені туралы ақпарат пайда болған еді. Оның айтуынша, ұлына санитарлар дене жарақатын салған.
Полиция Tengrinews.kz тілшісіне бұл ақпарат бойынша тексеріс басталғанын хабарлады.
"Кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру дерегі бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр. Бұл дерек Алматы ауданының полиция басқармасында тіркелген. Нәтижесі бойынша шешім қабылданады", – деп мәлімдеді полиция.
Астананың психикалық денсаулық орталығы жасөспірімнің анасы 102 қызметіне жүгінгеннен кейін аурухана бөлімшесіне полиция қызметкері келгенін хабарлады. Полиция кезекші дәрігер және медбикемен бірге науқаспен әңгімелесіп, денесін қарап шыққан. Науқастың денесін анасының көзінше суретке түсірген.
"Денені тексеру кезінде науқас көрсеткен жерлерде тері таза, ісіген жерлері анықталған жоқ. Науқастың анасына полиция қызметкерлері мен медицина қызметкерлері жағдайды түсіндіріп, дене жарақаты туралы деректер табылмағанын хабарлады", - деп хабарлады орталық өкілі.
Бұл оқиғаға қатысты сот-медициналық сараптама жүргізілмек, оның нәтижесі қосымша хабарланатыны айтылды.
2025 жылы 11 ақпанда Астанада 14 жастағы жасөспірім лифтіде 5 жасар балаға пышақпен шабуыл жасады. Оқиғаны тергеу кезінде кәмелет жасына толмаған жасөспірім психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны анықталған.
Астана Полиция департаменті бастығының орынбасары Қуаныш Орынбетовтің айтуынша, балаға жасалған шабуыл бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, зардап шеккен бала бес жаста. Дәрігерлер алғашында оның жалпы жағдайын ауыр деп бағалады. Ал отадан кейін баланың жағдайы тұрақты екені айтылды.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!