Астанадағы көпқабаттағы үйдің балконы опырылып түсті

Астанадағы көпқабатты үйдің бесінші қабатындағы балкон опырылып түсті. Оқиға 26 қыркүйекте Григорий Потанин көшесіндегі үйлердің бірінде болды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Осы уақытта балконда тұрған әйел металл шыбықтарды ұстап үлгеріп, бір қатерден аман қалды. Плита төмен қабатқа түсіп кеткен, қуанышқа орай, бұл сәтте ол жерде ешкім болмаған.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от TengriNews (@tengrinewskz)

Үй тұрғындары БАҚ өкілдеріне қазіргі таңда оқиғаның салдарын жоятын жауаптыларды таба алмай отырғанын айтып отыр. Атап айтқанда, балконның құлаған бөлігін әлі ешкім алмаған көрінеді.

Астананың төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, оқиға орнында құтқарушылар өз қызметі аясында барлық қажетті шараларды атқарған.

"Оқиға орнына жеткенде құтқарушылар "Свет" ПИК өкілдерімен бірлесіп, тұрғындар мен сол маңнан өтетіндерге қауіп төндірмеу үшін аумақты қоршады. Айта кету керек, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін, оның ішінде балкондарды жөндеу және қалпына келтіру бойынша одан әрі жұмыс ПИК жауапкершілігінде", – деп хабарлады Астана ТЖД баспасөз қызметі.

Сондай-ақ мұндай төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Астананың Сарыарқа ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері әкімдікке, ТҮКШ бөліміне және тұрғын үй инспекциясына тиісті шаралар қабылдау туралы хат жолдағаны айтылды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

М. Лұқпан