Астанадағы қарақшылық шабуылға күдікті 10 жылдан кейін Испанияда ұсталды

Астанадағы қарақшылық шабуылға күдікті 10 жылдан кейін Испанияда ұсталды
Фото: видео кадры

Астанада қарақшылық шабуыл ұйымдастырды деген күдікпен 10 жыл бойы іздеуде жүрген шетел азаматы Испаниядан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратура мәлім етті, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті екі сыбайласымен бірге бетперде мен қолғап дайындап, жәбірленушінің үйіне терезе арқылы кірген. Олар үй иесіне күш қолданып, пышақпен жарақаттағаннан кейін ақшасын, зергерлік бұйымдары мен электрондық құрылғыларын алып кеткен.

Шабуылға қатысқандардың бірі ізін суытпай ұсталып, кейін 11 жылға бас бостандығынан айырылған. Ал қалған екеуі тергеуден жасырынып, халықаралық іздеуге жарияланған.

Күдіктілердің бірі Мадридте ұсталды. Бас прокуратураның сұрауы негізінде ол Қазақстанға жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды. Экстрадицияны Бас прокуратура мен ІІМ Интерпол ұлттық орталық бюросының қызметкерлері Қазақстанның Испаниядағы елшілігінің қолдауымен жүзеге асырды.

Күдіктіге тағылған айып бойынша мүлкін тәркілеумен бірге 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

О. Сансызбай
Logotype Massaget