Астананың Төтенше жағдайлар департаменті өкілдері "Хан Шатыр" ойын-сауда орталығының маңында салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі бірқатар жарылыстардың алдын ала себебін атады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Тengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
"Бүгін сағат 16:28-де Нұр ауданында Мұхаметханов көшесі, 4Б бойында жаңадан салынған нысанда өрт шықты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жетті. Елордалық өртсөндірушілер келген соң 6 минуттан кейін 3 газ баллоны жарылғаны, 15 рулон шатыр материалы жанып жатқаны анықталды. Өртсөндірушілер өртті сағат 16:45-те ауыздықтады", - деп хабарлады ТЖД өкілдері. Оқиға орнына 19 құтқарушы мен 4 техника аттанды.
Астана денсаулық сақтау басқармасы оқиға салдарынан зардап шеккендер жоғын растады.
"Асыл мұра" құрылыс алаңындағы оқиғаға BI Group құрылыс компаниясы өкілдері де пікір білдірді.
"С блогында салынып жатқан "Асыл мұра" нысанында шатырды жабу жұмыстары жүріп жатқан кезде өрт шықты. Оқиға орнына дереу өрт сөндіру қызметі шақырылды. Оқиға ошағы анықталды. Барлық жұмысшы эвакуацияланды. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Ғимараттың тірек құрылымдары зақымдалған жоқ", - деп түсіндірді компания өкілдері.
Қазір оқиғаның себебін анықтау жұмыстары жүріп жатыр.
"Компания тергеуге барлық қажет көмекті көрсетеді. Өрттің ресми себебі тексеру аяқталғаннан кейін белгілі болады. Холдинг еңбекті қорғау және қауіпсіздік саласындағы саясат пен барлық процедураны қатаң сақтайды", - деді компания өкілдері.
Еске салайық, бұған дейін астаналықтар "Хан Шатыр" ойын-сауда орталығының маңында салынып жатқан көпқабатты үйдің аумағында бірнеше жарылыс болғанын айтқан еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!