Төтенше жағдайлар департаменті Астанада салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі бірнеше жарылыс салдарынан екі адамның зардап шеккенін мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство бұған дейін құрбандар мен зардап шеккендер жоқ деп хабарлаған еді.
"Бүгін жаңадан салынған тұрғын үйде болған өрттің салдарынан осы жаңа ғимараттың екі қызметкері зардап шекті. 103 бригадасы оқиға орнында ер адамдарды тексерді. Зардап шеккендердің бірі 1991 жылы туған, қолын күйік шалды – 2 пайыз, екіншісі 1992 жылы туған, беті күйген – 1 пайыз. Тексеруден кейін зардап шеккендер ауруханаға жатқызудан бас тартты", - деп хабарлады Астананың төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салайық, бұған дейін астаналықтар "Хан Шатыр" ойын-сауда орталығының маңында салынып жатқан көпқабатты үйдің аумағында бірнеше жарылыс болғанын айтқан еді.
Кейін төтенше жағдайлар департаменті өкілдері жарылыстардың алдын ала себебін атады.
"Бүгін сағат 16:28-де Нұр ауданында Мұхаметханов көшесі, 4Б бойында жаңадан салынған нысанда өрт шықты. Өрт сөндірушілер оқиға орнына 6 минутта жетті. Елордалық өртсөндірушілер келген соң 6 минуттан кейін 3 газ баллоны жарылғаны, 15 рулон шатыр материалы жанып жатқаны анықталды. Өртсөндірушілер өртті сағат 16:45-те ауыздықтады", - деп хабарлады ТЖД өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!