- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанадағы форумға тәліптер...
Астанадағы форумға тәліптер неге шақырылған?
Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Астанадағы халықаралық форумға "Талибан" қозғалысының өкілдері неге шақырылғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Талибан" қозғалысы әйелдердің үкімет құрамында болуы, әйелдердің құқығын қорғауға қатысты өз уәдесін орындауға қатысты мәселе бар. Ұлттық азшылық өкілдерін билікке тартуда да сұрақтар бар. Алайда "Талибан" қозғалысы негізіндегі қазіргі әкімшіліктің болуы – ол объективті түрде мойындалған факт. Ауғанстан – Орталық Азиядағы өңірлік көрші. Қазіргі кезде мұндай өзара іс-қимыл еліміздің мүддесіне сәйкес келеді", - деді Роман Василенко Сенат кулуарында.
Министрдің орынбасары Қазақстан тәліптер басқаратын үкіметпен байланыс орнатуға неге мүдделі екенін түсіндірді.
"Біріншіден, біздің байланысымыз Ауғанстан азаматтарына гуманитарлық көмек беруге негізделген. Онда 40 млн халық тұрады. Мұнда азық-түлікпен қамтамасыз етуге байланысты проблема бар. Екіншіден, сауда-экономикалық байланысты дамытуға басымдық беріледі. Ауғанстан – әлемде Қазақстан бидайын ең көп сатылып елдің бірі. Мемлекетіміз бидайды жеткізу бойынша жаһанда 6-орында. Бұл Ауғанстан бізден бидайды сатып алу нәтижесін болып отыр. Былтыр Қазақстан мен Ауғанстан арасында сауда айналымы 500 млн доллардан 1 млрд долларға дейін өсті. Бұл құпия ақпарат емес", - деді ол.
Роман Василенко әлем елдері Ауғанстанмен байланыс орнатып жатқанын жеткізді.
"Қазір әлемдік қауымдастық пен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі "Талибан" қозғалысының билігін мойындаған жоқ. Себебі, олармен байланыс орнатуға қатысты нақты түсінік жоқ. Алайда бұл ел (Ауғанстан) өңірдегі (Орталық Азия) көршіміз. Сондықтан аталған мемлекетпен Қазақстан ғана емес, өңірдегі көптеген мемлекет, оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Қытай мен Ресей, Пәкістан және тағы басқа елдер байланыс орнатып жатыр", - деді министрдің орынбасары.
Айта кетейік, бұған дейін "Талибан" өкілдері Астанадағы халықаралық форумға шақырылғаны хабарланған.
Сондай-ақ Қазақстан "Талибанды" тыйым салынған ұйымдар тізімінен шығарған еді.
Аяз Есен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz