Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде елордадағы кейбір мейрамханалар мен дәмханаларға ит еті жеткізілгені туралы ақпарат қызу талқыланып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Пікірталасқа танымал тележүргізуші Тимур Балымбетовтің жануарлар тақырыбына арналған сұхбаты түрткі болған. Видео оның YouTube арнасында жарияланды.
Қонақтармен әңгімелесу барысында қатысушылардың бірі, "Аманат" партиясының республикалық экологиялық кеңесінің мүшесі Сергей Снегирев тосын мысал келтірген.
"Ит еті айналымы. Ит етін өндірістік деңгейде дайындау. Бұл дәстүрлі корей асханалары емес. Әңгіме қоғамдық тамақтану орындары, соның ішінде Астанадағы қоғамдық тамақтану орындары жайында, бұл сотта дәлелденген. Осыдан екі жыл бұрын сот болды", - деді Сергей Снегирев.
Сонымен қатар, ол жеткізушінің ит аулауға құзыреті, мүмкіндіктері мен ресурстары болғанын айтты. Алайда Сергей Снегирев нақты есімдерді атамаған. Сұхбаттың үзіндісі әлеуметтік желіде кеңінен тарады.
Астананың ветеринариялық қызметі Instagram парақшасында осы мәселеге қатысты ресми мәлімдеме жариялады.
"Әлеуметтік желіде және кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарында ит еті сатылып жатқаны туралы ақпарат қайта таралып жатыр. Бұл мәлімет 2023 жылы Ақмола облысы аумағында жануар тектес өнімдердің заңсыз айналымы анықталған оқиғаға қатысты екенін мәлімдейміз. Бұл дерекке қатысты құқық қорғау органдары заңнамаға сәйкес тергеу жүргізді. Іс материалдары сотта қаралып, кінәлі адам жауапкершілікке тартылды", - деп жазылған жазбада.
Ведомство Астананың қоғамдық тамақтану орындарында мұндай өнімдерді жеткізу, сату немесе пайдалану деректері ресми түрде расталмағанын мәлімдеді:
"Елордада жануар тектес өнімдерге тұрақты түрде ветеринария-санитариялық бақылау жүргізіледі. Құжаттар тексеріліп, жеткізушілерге мониторинг жасалады және азық-түлік қауіпсіздігі талаптары сақталуы қадағаланады. Бүгінде ет өнімдерінің заңсыз айналымына немесе Астана қаласындағы қоғамдық тамақтану орындарының қызметіне қатысты заңбұзушылықтар анықталған жоқ".
Ұйым өкілдері жағдай уәкілетті органдардың тұрақты бақылауында екенін хабарлады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова