Астанада базарларды тексеру барысында заңнама талаптары бұзылғаны анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сауда және интеграция министрлігі мәліметінше, Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті бірқатар базарда жүргізген жоспардан тыс тексерісті аяқтаған.
Тексеріс "Ұлжан", "Алтай", "Сарыарқа", "Алаш" және "Шарын" базарларын қамтыған. Тексеріс нәтижесінде заң, ішкі сауда қағидалары және ұлттық стандарт талаптары сақталмағаны анықталған.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша базар иелеріне ескерту беріліп, оларды жою жөнінде нұсқау тапсырылған. Белгіленген мерзім аяқталғаннан кейін департамент нұсқау қаншалық орындалғанына бақылау жүргізеді. Оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті процестік шаралар қабылданады.
"Жалға беруші де, сатушы да ең алдымен сатып алушы үшін жұмыс істейтінін ұмытпауымыз керек. Сондықтан тұтынушының жайлылығы туралы қазірден бастап байыппен ойланатын уақыт келді. Тұтынушыға қолайлы әрі жайлы жағдай жасалған сайын базарлардағы сауда-саттықтың да қарқыны арта түседі", - деді Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркебұлан Тағашев.
Айта кетейік, биыл қаңтардан бастап "Сауда қызметін реттеу туралы" заңның 10-бабы 2-2-тармағының талаптары толық көлемде қолданысқа енгізілді. Заңға сәйкес елордада, республикалық және облыстық маңызы бар, сондай-ақ, халқы 100 мыңнан асатын қалалардағы әмбебап сауда базарлары стационарлық сауда нысандарында жұмыс істеуге тиіс.
Енді ашық үлгідегі бейстационарлық құрылымдарды сауданың негізгі форматы ретінде пайдалану заң талаптарына сәйкес келмейді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова