- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанадағы "бекіре көпір"...
Астанадағы "бекіре көпір" қалай салынды
Астана қаласы күніне орай Атырау қаласының сыйға тартқан, оң және сол жағалауды қосатын "бекіре балық" көпірінің қалай салынғанын көрсететін видео жарияланды.
BI Group компаниясының Facebook парақшасындағы мәліметі бойынша, көпірдің құрылыс жұмыстары 181 күнге созылған. Оны салуға 300 құрылысшы мен 100 көлік құралы (кран, экскаватор, бульдозер, жүк машинасы, жүк көтеретін техникалар, тіреу қағатын машина) жұмылдырылған. Есіл өзенін уақытша бөгеу және көпір салу үшін 30 мың текше метр тау жыныстары жеткізілген.
Көпірдің ресми ашылуына төрт күн қалған кезде елорда нөсер жауынның астында қалды. Жаяу жүргіншілер мен велосипед тепкен адамдарға арналған жолақ жабындысын төсеу үшін құрылысшыларға көпір құрылымын толық 6 мың метрлік полиэтилен үлпекпен жабуға тура келген.
Есіл өзені арнасымен судың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы тұрғызылған бөгеттің астына 7 су өткізетін құбыр төселген.
Айта кетейік, елорданың 20 жылдық мерейтойына орай Атырау облысы тарту еткен нысанның жалпы ұзындығы – 313,5 метр, ені – 10,5 метр. Салмағы – 1920 тонна. Көпірде жаяу жүргіншілерге арналған алты метрлік жолақ, велосипедшілерге арналған үш метрлік жолақ, ені 0,5 метр болатын қауіпсіздік жолағы және 0,5 метрлік шарбақты қоршауға арналған екі жолақ бар. Көпір жабындысы үшін литакрил пайдаланылған. Бұл нысан ауа райы жағдайы ескеріле отырып салынған. Оны жобалағанда желдің әсері де есепке алынған.
Massaget.kz