- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Балабақша
Астанадағы балабақша және мектеп тапшылығы мәселесі: Білім басқармасы қалай шешеді?
2024 жылдың 1-маусымдағы көрсеткішіне сәйкес, бас шаһар Астанада 1,5 млн адам бар. Ал бейресми деректерге сүйенсек, Астанадағы адам саны 2 миллионға жетеді. Осыған байланысты қалада балабақша мен орта мектептердің тапшылығы үлкен проблемаға айналып отыр.
Астанадағы балабақшалар мен орта мектептердің мәселесіне байланысты Massaget.kz тілшісі қалалық білім басқармасының ресми өкілі Аяжан Амантайқызымен сұхбаттасты.
- Аяжан Амантайқызы, бүгінгі таңда елордада қанша мемлекеттік балабақша бар? Мемлекеттік балабақшаларға қанша бала барады және кезекте тұрғандардың саны қанша?
- Астана қаласында бүгінгі күнге 68 706 баланы қамтитын 580 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді (Мемлекеттік - 100 (32 933 бала), жеке - 477 (35 067 бала), ведомстволық - 3 (706 бала). 2024 жылдың 1-қазанындағы жағдай бойынша "INDIGO: электрондық балабақшасында:
-2 жастан 6 жасқа дейін 48 557 бала;
- 3 жастан 6 жасқа дейін 31 932 бала;
Бұл жағдай бала туудың өсуіне және ішкі және сыртқы миграцияға тікелей байланысты.
ЕЛОРДАДА 5 ЖЫЛДА 60 БАЛАБАҚША САЛЫНАДЫ
- Елорда тез дамып келеді, неге бас жоспарда балабақшалар аз және бас жоспар қалай есептеледі?
Мектепке дейінгі ұйымдарда орын тапшылығы мәселесін шешу үшін 2030 жылға дейін 60 мемлекеттік балабақша салу жоспарланған. Бүгінгі таңда 10 мемлекеттік балабақшаға арналған жер учаскелері анықталды.
- Балабақшалардың тапшылық мәселесін қалай шешесіздер?
- Жыл сайын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік тапсырыс бойынша орындар саны артып келеді. Мектепке дейінгі ұйымдардағы орындарды ұлғайту үшін мемлекет меншік нысаны (мемлекеттік, жеке, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырумен жеке), қаржыландыру нысаны, балабақшада болу уақыты бойынша әртүрлі түрлерді қолдайды. 2023 жылдан бастап мемлекет тарапынан жыл сайын 10317 орынға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады. Бүгінгі таңда үш конкурстың қорытындысы бойынша 122 жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда 7 355 орынға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды, қалған 2 962 орынға мемлекеттік тапсырысты орналастыру жалғастырылады. Көппәтерлі үйлердің бірінші қабаттарында мемлекеттік балабақшалар ашылады. Отбасылық тәрбие қағидаттарын ұстанатын және балаларды балабақшаға жіберуге ұмтылмайтын ата-аналар үшін консультативтік пункттер ұйымдастырылған. Бұл отбасыларды қолдау орталықтары. Олар ата-аналарды балалардың жас ерекшеліктерімен, оның ішінде күтім мен дұрыс тамақтану, қауіпсіздік шаралары және тағы басқа ерекшеліктерімен таныстырады. Мұндай консультативтік пункттер қаланың барлық мемлекеттік балабақшаларында қарастырылған.
ЖЕҢІЛДІКТЕР КІМДЕРГЕ ЖӘНЕ ҚАЛАЙ БЕРІЛЕДІ?
- Мемлекеттік балабақшаға түсуге кімде басымдық бар? Жеңілдік қандай ата-аналарда, көпбалалы, әскери немесе әлеуметтік аз қамтылған жанұялар ма?
- Балаларға балабақшадан орын алуға барлық өтініштер кезекте ұйымдастырылады. Кезектің ішінде өтініштер, өтініштің берілген күніне қарай орналастырылған. Яғни өтініш неғұрлым ертерек берілген болса, оның кезектегі орны соғұрлым ұтымды болады. Жеңілдік - бұл өтініштің берілген күніне байланысты емес, кезектегі баланың басым орынға құқығы мен өміріндегі ерекше мән-жайларға байланысты беріледі. Сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 19-маусымдағы №254 бұйрығымен бекітілген қағидаларға сәйкес жеңілдіктер кезектен тыс және бірінші кезектегі болып бөлінеді.
- Ол екеуінің айырмашылықтары қандай?
- Кезектен тыс жеңілдіктердің шартсыз басымдығы бар және осындай жеңілдік алуға құқығы бар баланың өтініші әрқашан кезектің басында тұрады, бұл жеңілдік мынадай адамдарға беріледі:
- әскери қызметшілердің балалары, оның ішінде қызмет өткеру кезінде қаза болған, қайтыс болған немесе із-түссіз жоғалған әскери қызметшілердің балалары;
- арнайы мемлекеттік органдар қызметшілерінің, оның ішінде қызмет өткеру кезінде қаза болған, қайтыс болған немесе із-түссіз жоғалған қызметшілердің балалары;
- құқық қорғау органдары қызметкерлерінің балалары, оның ішінде қызмет өткеру уақытында қаза тапқан, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткендердің балалары.
- Бірінші кезектегі жеңілдіктер кімдерге арналған?
- Ол мынадай санаттағы балаларға арналған:
- ерекше білім беруді қажет ететін балалар;
- заңды өкілдері мүгедек болып табылатын балалар;
- ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- жетім балалар;
- көпбалалы отбасылардан шыққан балалар;
- мүгедек баласы бар отбасылардан шыққан балалар;
- заңды өкілдері педагог болып табылатын балалар;
- медицина қызметкерлерінің балалары;
- әскери қызметкерлердің балалары.
Бірінші кезекте орын алу құқығы бар балалардың өтініштері кезектен тыс жеңілдіктерден кейін бірден орналастырылады. Алайда кезекте қарапайым өтініштерге қарай 1:3 арақатынаста орналастырылады. Яғни бірінші кезекте орын алу құқығы бар баланың өтініші, одан кейін 3 қарапайым өтініш, содан кейін қайтадан бірінші кезекте орын алу құқығы бар баланың өтініші. Жеңілдіктер балабақшадан орынды алуға басым құқығын бермейді. Олар кезекте ғана басымдықпен тұруға құқық береді.
- Кезекте бірінші тұру орынды бұрын алу емес пе?
- Әрине, кезекте алғашқы боп тұру бәрінен бұрын балабақшадан орын алуға мүмкіндік береді. Алайда ол үшін ата-ана кезектің қалай жұмыс істейтінін, орындардың бөлінуін білуі және қажетті әрекеттерді жасауы тиіс.
Жеке архивінен
АСТАНАДАҒЫ МЕКТЕП МӘСЕЛЕЛЕРІ
- Енді мектеп мәселесіне ауыссақ. Биылғы жаңа оқу жылында бірінші сыныпқа қанша бала қабылданды және өткен жылдармен салыстырғанда бұл көрсеткіш қалай өзгерді?
- Жоспар бойынша 2024-2025 оқу жылында бірінші сыныпқа 28 мың бала қабылданды. Өткен жылдармен салыстырғанда, бұл көрсеткіш өсіп жатыр. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында 25 348, ал 2022-2023 оқу жылында 27 607 бала қабылданған еді.
- Балабақша сынды, мектептерде де орын тапшылығы мәселесі ушығып тұр. Мектептердегі орын тапшылығы мен үш ауысымдық оқыту мәселесін қалай шешіп жатырсыздар?
- Оқу жылының соңында қалада 8 үш ауысымдық мектеп және бала саны шамадан тыс 16 мектеп болды, ал мектептердегі орын тапшылығы 27 800 орынға жеткен еді. Бұл мәселені шешу үшін қыркүйек айында бір ауысымда 18 990 орынға арналған 15 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Осы мектептердің есебінен 1-қыркүйекке дейін үш ауысымдық 5 мектептің және бала саны шамадан тыс 4 мектептің мәселелері шешілді.
- Қыркүйек айында пайдалануға берілген 15 мектеп туралы айтып берсеңіз. Бұл мектептер қалай бөлінді және олардың әрқайсысы қандай мәселелерді шешуге көмектесті?
- Қыркүйек айында 15 жаңа мектеп пайдалануға берілді, оның ішінде 2 мектеп - БИП (Білім Инновация Платформасы), 9 - Жайлы мектеп және 4 - жекеменшік мектеп. Бұл мектептер үш ауысымдық мәселелері бар №27, 41, 71, 79, 89 мектептерге, сондай-ақ бала саны шамадан тыс №17, 59, 67, 75 мектептерге қатысты орын тапшылығын азайтуға көмектесті.
- Жыл соңына дейін қанша мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр? Ол жаңа мектептер қандай сұранысты өтейді?
- Жыл соңына дейін тағы 8 мектептің ашылуы жоспарланып отыр, оның ішінде 1 БИП мектебі және 1 жекеменшік мектеп бар. Бұл мектептер де орын тапшылығын азайтуға және білім сапасын жақсартуға үлес қосады деген үміттеміз.
ЕЛОРДАДАҒЫ ПЕДАГОГТАР ЖАЙЛЫ
- Биыл қанша педагог жұмысқа қабылданды және олардың ішінде қаншасы "Жайлы мектептерге" жұмысқа орналасты? Жаңа педагогтарға қандай талаптар қойылды?
- Биыл 2 262 педагог қабылданды, олардың 993-і "Жайлы мектептерге" жұмысқа орналасты. Бұл мұғалімдерге кәсіби біліктілік, оқыту әдістемелеріне бейімділік және сыныптағы оқу ортасын басқару талаптары қойылды.
- Қазіргі таңда елордадағы білім беру саласындағы негізгі мәселелерді қалай бағалар едіңіз? Және алдағы уақытта осы бағытта қандай қадамдар жасалады?
- Қаладағы басты мәселелердің бірі - үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығы, сонымен қатар педагог мамандардың жетіспеушілігі. Бұл бағытта жаңа мектептерді пайдалануға беру және педагогтарды көптеп тарту арқылы білім беру сапасын арттыру жоспарланып отыр.
- Уақыт тапқаныңызға алғысымды білдіремін!
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет