- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Астанадағы ауыр техникалардың...
Астанадағы ауыр техникалардың "айқасы": оқиғаның мән-жайы белгілі болды
Бүгін әлеуметтік желіде ауыр техникалардың бірін-бірі аударып жатқан видеосы пайда болды. Артынан бұл оқиғаның Астанада болғаны белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Астана әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Бердібековтің айтуынша, заңсыз тұрғызылған "Дублин" тұрғын үй кешенін сүруге барған жұмысшыларға құрылыс компаниясының мамандары кедергі келтірген.
"Астананың мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 4 сәуір күні Stroy Group-2021 ЖСШ-на қатысты шешімі шыққан. Онда серіктестік өз қаражаты есебінен Шыңғыс Айтматов және Жұбан Молдағалиев көшелері қиылысына заңсыз салған үйді сүру міндеттелген. Содан соң сот орындаушылары бұл істі бақылауға алып, компанияға үйді сүру қажет екенін хабарлама түрінде ескертті. Алайда компания тарапынан оған жауап болмады. Көп ұзамай сот үкімін орындауға жергілікті әкімдік қызметкерлері мен техникалары тартылды", - деді департамент өкілі.
Сот үкімін орындауға кедергі жасаған компания қызметкеріне құқық қорғау органдары әкімшілік шара қолданған әрі техниканы басқарған жүргізуші полиция басқармасына жеткізілген.
Азамат Бердібеков заңсыз тұрғызылған тұрғын үй кешеніне қатысты сот үкімі міндетті түрде орындалатынын мәлімдеді. Оның сөзінше, "Дублин" тұрғын үй кешені ғана емес, бұл компанияға тиесілі заңсыз салынған "Вашингтон" тұрғын үй кешені де сүріледі.
Ал үлескерлерінің құқығы компаниямен жасалған келісімшартта көрсетілген.
"Азаматтар енді бұл келісімшартты бұзуға немесе уәкілетті органга жүгінуіне болады. Олар өздерінің құйған қаржысын қайтарып ала алуға тиіс", - деп түсіндірді Азамат Бердібеков.
Оның айтуынша, үлескерлерге Астана әкімдігі немесе өзге де мемлекеттік мекемелер өтемақы төлеуге міндетті емес.
Қаржыны "Дублин" мен "Вашингтон" тұрғын үйлерін тұрғызған компания қайтаруы керек.
Азамат Қойшығара
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан