Астанадағы Қажымұқан Мұңайтпасұлы атындағы стадионның қайта құрылысына 13,5 миллиард теңге жұмсау жоспарланып отыр. Қаржы мемлекеттік бюджет есебінен бөлінбек, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, қайта құрылыс жобасы 2021 жылы басталуы керек болған. Бірақ жоспарлардың өзгеруіне байланысты бөлшектеу жұмыстары осы жылдың соңына қарай басталады.
"Көптеген қала тұрғыны үшін бұл жер (стадион - еск.) ыстық. Сондықтан бәрі алаңдап, осылай қызу талқыға түсіп кетті. Ең жаманы - адамдарға бұл стадионның болашағы туралы ештеңе айтпады. Кейбір адамдар бұл жерге тұрғын үй салынады деп ойлады. Оның үстіне, ғимарат апатты деп танылды. Егер бұл жерде үлен болмаса да заманауи стадион қалса, бастысы - футбол алаңын қалдырса ішкі туризм мен спорт дамитын еді деп ойлаймын", - дейді жергілікті блогер Нұрсұлтан Қамзебаев.
Жоспар бойынша, жаңа арена расында заманауи талапқа сай болады. Қалалық әкімдік мәліметінше, жоспарлаудың өзіне 30 миллион теңге кеткен. Сараптама қорытындысы бойынша, зақымданулар анықталған.
"Ескі стадионды толығымен сүреміз. 4500 адам сиятын болады. Үшінші категориялы ғимарат үшін кемінде 3 гектар жер керек. Бұл қаланың ескі бөлігінде орналасқандықтан 2,2 гектар алдық. 10 мың адам сиятын стадион жасасақ болар еді, бірақ ол УЕФА талабына сәйкес болмайды. Қалаға бос тұратын стадион қажет емес", - дейді Астана қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Дамир Ғабдуалиев.
Телеарна мәліметінше, құрылыстың қымбатқа шығып кетуіне себеп - құрылыс қиындығы мен жобаның қымбат болуы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!