• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

Астанадағы 21 жастағы геймердің шабуылы: Дәрігерлер үш адамның жағдайы туралы айтты

Астанадағы 21 жастағы геймердің шабуылы: Дәрігерлер үш адамның жағдайы туралы айтты
Фото: Tengrinews.kz/ Тұрар Қазанғапов

Астанада 21 жастағы геймердің шабуылынан зардап шеккен туыстары №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Олардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

19 қаңтар Астанада 21 жастағы жігіт туыстарына пышақ жарақатын салғаннан кейін ұсталды. Шабуыл нәтижесінде оның 28 жастағы немере ағасы қайтыс болып, үш туысы ауруханаға түсті. 69 жастағы тәтесі кеуде қуысының терең жарақатын алды.

"1964 жылы туған әйелдің денесінің әртүрлі бөліктерінде көптеген кесілген және тілік жарақаттар бар, сол жақ қабырғасы сынған. Ауыр жағдайда ауруханаға жатқызылып, ота жасалды. Қазіргі таңда жансақтау бөлімінде жатыр", - деп хабарлады аурухана өкілдері.

Күдіктінің тағы бір тәтесі де пышақ жарақаттарын алған.

"1974 жылы туған әйел де әртүрлі кесілген және тілінген жарақаттармен түсті. Басының беткей бөлігі жарақаттанған, оң жақ қабырғасы сынған. Жалпы жағдайы орташа, тұрақты", - деді дәрігерлер.

Ұсталған жігіттің 18 жастағы немере қарындасы да зардап шекті.

"18 жастағы қыз көптеген кесілген және тілінген жарақаттармен хирургия бөліміне жатқызылды. Жалпы жағдайы орташа, тұрақты", - деп хабарлады аурухана өкілдері.

Шабуылдаушының қолынан оның 28 жастағы немере ағасы қайтыс болды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәліметтер бойынша жанжалдың себебі туыстарының оның смартфондағы ойынына байланысты ескертуі болған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget