Астанада зират басындағы құлпытасқа QR-код орнатыла бастады

Астана қаласындағы зираттардың басындағы құлпытасқа QR-код орнатыла бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әлеуметтік желіде талқыға түскен тақырыпқа қатысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы пікір білдірді. Ол зират басындағы құлпытасқа QR-код орнату ісі елордада жүзеге асырыла бастағанын растады.


"Жалпы, жаңа технология саналатын QR-код әлемнің дамыған елдерінің бәрінде бар тәжірибе екенін еске салайын. Мәселен, зират басындағы құлпытасқа QR-код орнатылады. Оған кез келген адам ұялы телефонын жақындатып, жүйеге өткен кезде, өмірден озған азамат туралы толық мәліметтерді алуға болады.
Айталық, ол көзінің тірісінде қандай адам болды, қандай шаруалармен айналысты, қандай өнегелі істері бар, қай өңірдің тумасы деген сынды сауалдарға қатысты толық мағлұмат ала алады. Осындай мақсатта жасалған дүние бұл", - деп түсіндірді Ағабек Қонарбайұлы Massaget.kz тілшісіне.


ҚМДБ өкілінің сөзіне қарағанда, бұл тәжірибе ретінде елордадағы шамамен 20 зираттағы құлпытасқа орнатылып үлгерген. Бір ескерерлігі, құлпытасқа QR-код орнату әрбір азаматтың өтініші болған кезде ғана жасалады. Яғни, марқұмның жақындарының бірі өтініш білдіруі керек.

"Бұл заманауи жүйе жаппай қолданысқа енгізілген жоқ. Жоғарыда айтқанымдай, мұндай үрдіс дамыған елдерде бар. Сондықтан бізде де тәжірибе, сынақ ретінде жасалып отыр. Егер жұртшылық тарапынан қолдау тауып жатса, жалғасады", - деді ол.

Азамат Қойшығара

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!