Астанада заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылады

Астанада заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылады
Фото: gov.kz

Астанада заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қала прокуратурасы Астана аумағында азаматтардың қаражатын тиісті рұқсатсыз заңсыз тарту фактісін анықтады.

Құрылыс салушы INTER Stroy Astana ЖШС Qurmangazy көпқабатты үй салу үшін үлескерлердің ақшасын қабылдаған.

"Құрылысқа тапсырыс беруші объектіде жерге тиісті құқық, заңда белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттама, техникалық және авторлық қадағалауларды сүйемелдеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарлама болмаған, осыған қарамастан, құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастады, бұл өз кезегінде "Сәулет, қала құрылысы және құрылыс туралы" Қазақстан Республикасы заңының талаптарын бұзу болып саналады. Осылайша, құрылыс салушыға қатысты әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасалды, оған жол берілген бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді", - делінген хабарламада.

Берілген нұсқаманы орындау үшін құрылыс салушы ерікті түрде заңсыз объектіні бұзу бойынша іс-шара жүргізеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан