Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталды. Отырысқа мүше мемлекеттердің басшылары, сыртқы істер және қорғаныс министрлері, қауіпсіздік кеңестері хатшылары мен парламент өкілдері қатысты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев отырысты ашып, Қазақстанның төрағалық ету кезеңінде ҰҚШҰ-ның алдында тұрған барлық міндеттер толық орындалғанын атап өтті.
"Ұйымның жарғылық органдарының отырыстары, әскери оқу-жаттығу жиындары және профилактикалық операциялар жоспарлы түрде ұйымдастырылды. Сыртқы істер және қорғаныс министрлері ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін қарастырды. Қауіпсіздік кеңесі хатшылары мен парламент спикерлерінің деңгейінде кездесулер өтті. Ұйымның қосымша және жұмыс органдарының кеңестері өткізілді. ҰҚШҰ қызметінің түрлі бағыттары бойынша консультациялар жасалды. Сессияаралық кезеңде бірқатар маңызды құжаттар қабылданды. Олар халықаралық ынтымақтастық, қорғаныс саласындағы ықпалдастық, сондай-ақ ұжымдық қауіпсіздіктің өзекті сын-қатерлері мен қауіптеріне қарсы іс-қимыл мәселелерін қамтиды", - деп атап өтті Тоқаев.
Сонымен қатар Ұлы Отан соғысы Жеңістің 80 жылдығына дайындық жұмыстары ерекше назарға алынған. Тоқаев ҰҚШҰ елдерінің басшыларының ортақ басымдықтары мен жемісті ынтымақтастығы үшін әріптестеріне алғысын білдірді.
"Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге қатысты дайындық жұмыстарына айрықша мән берілді. Бүгін бізге Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің тиісті мәлімдемесі ұсынылады. Жалпы, Қазақстан Республикасының Ұйымға төрағалығы кезінде қойылған міндеттердің бәрі орындалды. Біз белгілеген басымдықтарды жүзеге асыруға қолдау көрсеткендеріңіз және бірлесе нәтижелі жұмыс атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамын", - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, 27 қараша күні Астанаға Ресей Федерациясының президенті Путин мемлекеттік сапармен келді. Путинді Мемлекет басшысы әуежайдан өзі күтіп алды. Кейіннен одаққа мүше өзге елдердің де президенттері бас шаһарға келді.
Отырыс қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылады.
Анықтама: Қазір ҰҚШҰ құрамында Армения, Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Ресей және Тәжікстан кіреді. 2026 жылға дейін ұйымның бас хатшысы қызметін Иманғали Тасмағамбетов атқарады.
Биыл ҰҚШҰ-ға төрағалық ету міндеті Қазақстанға өтті.
Тақырып бойынша материалдар:
Тәжікстан президенті Астанаға келді
Қазақстан мен Ресей президенттері БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Тоқаев пен Путин бірлескен мәлімдеме қабылдады
Путин Қазақстанды Ресейдің сенімді одақтасы деп атады
Тоқаев Путинмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!